Accessibility links

"Нұрлы жер" бағдарламасының салымшылары жаңа өзгеріске қарсы


"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" өкілдерімен кездесуге келген салымшылар. Петропавл, 24 қаңтар 2020 жыл.
"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" өкілдерімен кездесуге келген салымшылар. Петропавл, 24 қаңтар 2020 жыл.

24 қаңтарда Петропавлда "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" 20-дан астам салымшысы банк ғимаратының алдына жиналып, наразылық білдірді. Олар "жаңа жылдан бастап баспана ең алдымен әкімдікте кезекте тұрған көп балалы отбасылар мен жастарға берілетіні" жайлы жаңа өзгеріске қарсы екенін жеткізді.

Петропавл тұрғыны Шолпан Омарованың ұлы үш бөлмелі пәтер алу үшін үш жыл банкке ақша салған. "Қала орталығынан баспана алу үшін 50 пайызын жинап қойған едік" дейді.

- Бізді осылай жылжытып тастағандарына қатты ренжідік. Қазір үкіметке, "Нұр Отанға" хат жазып жатырмыз. Үкіметте отырғандар әлі де ойланатын шығар деген үмітіміз бар, - дейді Шолпан Омарова.

Ғимарат алдында Шолпан сияқты наразы салымшылар банк өкілдерінің шығуын талап етті. Олар ғимарат ішінде банк қызметкерлерімен кездесті. Банк өкілдері "үкімет тапсырмасына қарсы шыға алмайтынын" айтты.

- Егер салымшылар құқықтарына шектеу қойылды деп санаса, онда олар "Нұр Отанға" барулары керек, немесе бізге хат жазсын, біз оны әрі қарай жоғары жаққа жібереміз. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органға, әкімдікке, облыс әкіміне барсын. Осындай ұсыныс қана айта аламын, - дейді тұрғын үй құрылыс жинақ банкі облыстық филиалының басшысы Алмас Жапабев.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" өкілдері салымшылардың сұрақтарына жауап беріп жатыр. Петропавл, 24 қаңтар 2020 жыл.
"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" өкілдері салымшылардың сұрақтарына жауап беріп жатыр. Петропавл, 24 қаңтар 2020 жыл.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 46 мың салымшысы бар. Олардың 18 мыңы - "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша кезекте тұрғандар. 18 мыңның 7 мыңы әкімдікте кезекте тұр, яғни 11 мың салымшы баспанадан қағылып отыр.

22 қаңтарда Шымкентте бір топ тұрғын "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында алмақшы болған көп пәтерлі жаңа үйді басқа адамдарға берген жергілікті билікке наразы болған.

Олардың айтуынша, президент тапсырмасын орындап, үйді көп балалы отбасылар мен жастарға бергенін айтқан әкімдік әлі салынып бітпеген басқа үйді ұсынған, бірақ салымшылар оған келіспеген.

Оқи отырыңыз: "Бізге бөлген үйді басқаға берді". Шымкенттік салымшылар билікке наразы

Биыл Петропавлда "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 850 пәтер пайдалануға беру жоспарланған.​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG