25 қаңтарда бір топ нұр-сұлтандық белсенді қалалық полиция департаментіне барып, былтыр желтоқсанда жазған арыздарына ресми жауап талап етті. Олар "әр түрлі жиын, митингі қарсаңында өздерін ұстап әкететін полицияның әрекетін түсіндіруді" сұрады.
Олардың сөзіне қарағанда 2019 жылы 6 желтоқсанда полиция департаментіне дәл осы талаппен келіп, арыз тапсырғанмен әлі күнге дейін жауап бермеген.
Жиналған белсенділерге Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Ғазиз Нұрқаев шығып, полицияның ресми жауабын ұсынды. Онда "олардың үстінен ешқандай қылмыстық іс қозғалмағаны және белсенділер арызданған тергеуші Әли Дәбеновтың ешқандай заңбұзушылыққа жол бермегені" жазылған. Полиция шағымданушылардың әрқайсысына жеке-жеке жауап жазған.
- Егер ешқандай құқықбұзушылық болмаса неге мені митинг алдында екі-үш күн бойы күзетеді? Оған кім жауап береді? - деп сұрады белсенділердің бірі Айнұр Мырзалиева.
Оны қоштаған Анна Шүкеева, Салтанат Барықбаева өздерін былтыр 9 қарашада рұқсат етілген митинг өтетін күні ұстап әкеткенін айтып, тергеуші Дәбеновтің "экстремистік ұйым қызметіне қатысты" баппен тергегенін айтты. Олар осының себебін білу үшін тергеушіні шақыруды сұрады.
- Сіздер қазір полицияның жұмысына кедергі жасап тұрсыздар. Мұнда басқа келіп жатқан адамдар бар. Тергеуші Әли Дәбенов қазір іште жоқ және ол тергеу барысында өзінің ішкі сеніміне сүйенген, заң бұзбаған, - деп жауап берді полиция майоры Ғизат Нұрқаев.
Белсенділер оның сөзіне де, ресми жазбаша жауапқа да қанағаттанбағандықтарын айтып, оны қабылдаудан бас тартты. Полиция өкілдері белсенділердің берген жауапты алмағаны туралы акті толтырды.
Бір топ белсенді келесі аптада тағы келетінін, өздерін үнемі тергеуге шақыратын тергеуші Дәбеновпен кездесетінін айтып үйлеріне тарасты.
Былтыр желтоқсан айында белсенділер конституциялық құқықтарын пайдаланып, 16 желтоқсанда митингіге шыққысы келетінін айтып, полицядан өздеріне ұстамауды талап еткен болатын. Бірақ соған қарамастан 10-16 желтоқсан күнгі пикеттер мен шеруден соң ондаған белсенді ұсталып, 10-15 тәулік абақтыға қамалып, кейбіріне 25-50 айлық есептік көрсеткішке тең көлемде айыппұл салынған. Олар бұл айыппен келіспей, апелляциялық шағым түсіргенімен оларды да сот қанағаттандырмаған.
Қарай отырыңыз: Белсенділер полициядан атаулы күн алдында қудаламауды талап етті (6 қаңтар 2019 жыл).
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін қоғамдық-саяси мәселелерді көтеріп жүрген азаматтық белсенділерді қудалайды деп жиі сынайды.
ПІКІРЛЕР