16 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласы азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сотында былтыр қараша-желтоқсан айларында қарсылық акцияларына қатысып, «бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды» деп жазаланған белсенділер Ақмарал Керімбаеваның, Әсия Бақаеваның және Анна Шүкееваның арызын қарап, барлығын қанағаттандырмады. Арыздарды судья Әсет Райымбаев қарады.
Белсенділер наразылық шарасына шыққаны үшін жазаланғандарына келіспейді.
Прокурор Игілік Базенов соттан апелляциялық арыздардың барлығын қанағаттандырмауды сұрады. Судья прокурор ұсынысын қолдап, бірінші инстанцияның сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.
63 жастағы зейнеткер Әсия Бақаева 16 желтоқсанда Нұр-Сұлтандағы билікке талап айтқан акцияға қатысқан үшін 88 мың теңге (шамамен 231 доллар) айыппұл алған. Ол Тәуелсіздік күні 2011 жылғы Жаңаөзен және 1986 жылы Желтоқсан құрбандарын еске алып, гүл шоғын қоюға келгенін, ол үшін биліктен рұқсат алудың қажеті жоқ деп санайтынын айтады. Кеше, 15 қаңтарда апелляциялық сот Бақаеваның 26 қарашада Еуропа одағының Қазақстандағы өкілдігі алдында билікке талап айтқан акцияға шыққаны үшін әкімшілік айыппұлға кескен сот шешіммен келіспейтіні туралы арызын да қанағаттандырмаған.
Анна Шүкеева былтыр 1 қарашада Ескендір Ерімбетовті (2018 жылы «алаяқтық жасады» деп жеті жылға сотталған. 2019 жылдың соңында денсаулығына байланысты бостандыққа шықты) қолдап, пикет ұйымдастырғаны үшін «бейбіт митинг өткізу заңын бұзды» деп айыпталып, 88 мың теңге (шамамен 231 доллар) айыппұл алған. Шүкеева бүгін, 16 қаңтардағы апелляциялық сотқа келмеді. Судья Әсет Райымбаев Азаттыққа сот шешімінің оның қатысуынсыз шығарылғанын және оның да арызы қанағаттандырылмағанын айтты.
Ақмарал Керімбаев 26 қарашада Еуропа одағының Қазақстандағы өкілдігі алдында өткен «саяси тұтқындарды» босатуды талап еткен акцияға қатысқаны үшін 10 тәулікке қамалған. Нұр-Сұлтан соты 2019 жылы 28 қазанда Ақмарал Керімбаеваны Қазақстанда қызметіне тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын қолдады деген айыппен бас бостандығын бір жылға шектеп, екі жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салған еді. Белсенді тағылған айыпты жоққа шығарып, үкіммен келіспейтінін мәлімдеген. Нұр-Сұлтан экстремистік деп тапқан ҚДТ-ны Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында «бейбіт оппозициялық ұйым» деп атаған.
Былтыр Қазақстанда жыл басынан бері бірнеше мәрте билікке қарсы наразылық шаралары өткен. Әлеуметтік мәселелерді шешуді, биліктен реформа талап еткен митингілердің барлығы да құқық қорғау органдары тарапынан қатаң түрде қарсылыққа ұшырап келеді. Нұр-Сұлтан бұл митингілердің барлығын «заңсыз» деп таныған.
Қазақстанда жұрт митингіге, пикетке, қандай да бір қарсылық шарасына шығуы үшін жергілікті биліктен он күн бұрын рұқсат алуы тиіс. Халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтанды азаматтардың бейбіт митингіге шығуына кедергі келтірмей, бұл заңды өзгертуге шақырған. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде бейбіт митинг туралы заң өзгеретіні жайлы бірнеше рет мәлімдеген. Алайда әлі өзгерген жоқ.
ПІКІРЛЕР