Accessibility links

Минскіде Помпео АҚШ-Беларусь қатынасын дамытуға шақырды


АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео және Беларусь президенті Александр Лукашенко. Минск, 1 ақпан 2020 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео және Беларусь президенті Александр Лукашенко. Минск, 1 ақпан 2020 жыл.

Минскіге сапарлап барған АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео президент Александр Лукашенкомен кездесіп, екі ел қарым-қатынасын "шынайы дамытуға" шақырды.

"Біз қарым-қатынастың барлық түрін дамыта аламыз деп ойлаймыз" деді Помпео 1 ақпанда Лукашенкомен бірге өткізген баспасөз мәслихатында.

Лукашенко Помпеоға "Беларусь пен АҚШ арасындағы біраз түсініспеушілік жағдайдан кейін Минскіге тәуекел етіп келгеніңіз жақсы болды" деді.

Соңғы 25 жылда АҚШ мемлекеттік хатшысы алғаш рет Минскіге келіп отыр. 1994 жылы сол кездегі мемлекеттік хатшы Уоррен Кристофер президент Билл Клинтонмен бірге Минскіге келген.

1 ақпанда Лукашенко енді АҚШ-пен қарым-қатынастың "жаңа бөлімі ашылатын шығар" деп үміт білдірді.

1994 жылдан бері елді басқарып келе жатқан Лукашенконы Батыста "Еуропаның соңғы диктаторы" деп атайды. Соған қарамастан ол Вашингтонмен қатынасты жақсартуға күш салып, энергетика және қаржы саласында Ресейге қатты тәуелді екенін де мойындайды.

АҚШ мемлекеттік департаментінің таратқан хабарламасында мемлекеттік хатшы президент Лукашенко және сыртқы істер министрі Владимир Макеймен кездеседі деп жазылған. Онда АҚШ Беларусьтің тәуелсіз, тұрақты, ауқатты мемлекет болуына мүдделі және өзара қатынасты қалпына келтіруді қолдайды делінген.

Лукашенко Мәскеуді интеграцияны тереңдету мақсатында Минскіге қысым жасады деп айыптайды және мұнай-газға тәуелділікті құрал ретінде пайдаланады деп кінәлайды.

Шамамен он жылдан астам уақыт бұрын АҚШ пен Беларусь арасындағы қатынас нашарлаған еді. Ол кезде Вашингтон 2006 жылғы президент сайлауынан кейін Лукашенкоға санкция салып, оны адам құқықтарын бұзды, саяси себеппен азаматтарды қудалады деп айыптаған. Беларусь АҚШ елшісі мен АҚШ миссиясының басым бөлігін елден шығарып жібергеннен кейін 11 жыл өткен соң, былтыр Вашингтон мен Минск қайтадан толық дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Қыркүйекте Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі сол кездегі кеңесшісі Джон Болтон Минскіге барды. Бұл – соңғы он жылда АҚШ-тан келген ең жоғарғы лауазымды тұлға.

1 ақпанда Помпео Лукашенкоға жақын арада Вашингтон Беларсуьтегі жаңа елшісін тағайындайды деп айтты.

Оқи отырыңыз: АҚШ мемлекеттік хатшысы Помпеоның постсоветтік төрт елге сапары қандай мақсат көздейді

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG