Accessibility links

Сот армян көліктерін тіркеу мәселесін айтып жүрген белсендіге айыппұл салды


Белсенді Вадим Курамшин сотта. Нұр-Сұлтан, 6 ақпан 2020 жыл.

Нұр-Сұлтан қаласының арнайы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Ақерке Бектұрғанова белсенді Вадим Курамшинді Әкімшілік кодекстің 669-бап 1-бөлігі бойынша ("Сот үкімін орындамау") кінәлі деп тауып, 13 255 теңге көлемінде (35 доллар) айыпұл салды.

Вадим Курамшин екі жыл бұрын қатаң тәртіпті колониядан шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан. 2012 жылы сот оны "бопсалау" бабы бойынша кінәлі деп тауып, 12 жылға соттаған еді. Курамшин өзіне тағылған айыптарды мойындамады.

2019 жылы 45 жастағы белсенді Петропавл қаласынан Нұр-Сұлтанға көшіп келіп, армян көліктерін тасымалдаумен айналысқан.

Биыл қаңтардың 14-і күні ішкі істер министрлігі "Қазақстан аумағына кірген Армения, Қырғызстан, Ресей нөмірі бар көліктерді заңға сай тіркеу керегін" мәлімдеген еді. Министрлік шетелден көлік алғандарға барлық төлемді, утилизация алымын және баж салығын өтеп, автомашиналарын тіркеуді ұсынған.

Бұдан кейін Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жаңаөзен, Орал, Петропавл және Семей қалаларында жүргізушілер жиналып, көлікті тіркеудің шығыны тым көп екенін айтып, үкіметтен автомашиналарын жеңілдікпен әрі арзан жолмен тіркеуге мүмкіндік беруді талап еткен.

Оқи отырыңыз: "Сары нөмір алмаймыз!". Қазақстанның бірнеше қаласында жүргізушілер наразылық танытты

Курамшин Facebook-та көлікті жеңілдікпен тіркеу мәселесін қозғап, көлік иелерінің құқықтарын қорғау үшін жақтастарымен бірге қоғамдық бірлестік құруды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Белсенді әлеуметтік желіде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы сенат спикері Дариға Назарбаеваға да қайрылған.

Бірнеше күн бұрын Сарыарқа аудандық полициясының учаскелік инспекторы Фарид Юльчибаев "Курамшин 1 ақпанда кешкі 22:00-ден кейін үйінде болмады" деп әкімшілік хаттама толтырып, істі сотқа жіберген. 10 қаңтарда дәл осы инспектор Курамшинге жақсы мінездеме беріп кеткен еді.

Курамшиннің айтуынша, 1 ақпанда түнде ол Көкшетаудан Нұр-Сұлтанға адамдар тасыған. Мұны полицияға да ескерткен. Белсенді полиция берген рұқсат құжатты да Азаттық тілшісіне көрсетті. Онда белсендінің 6.00-22.00 аралығында қалалар арасында адам тасуына болатыны, бірақ басқа қалада тұруға болмайтындығы жазылған. Ол айыппұлдың белсенділігіне қатысы да болуы мүмкін деп топшылайды.

Қазақстан түрмелерінде тұтқындардың құқықтарын қорғаумен танылған Вадим Курамшинге 2013 жылы адам құқығын қорғау саласы бойынша Людовик Трарье атындағы халықаралық сыйлық берілген.

Оқи отырыңыз: Наразы ақтөбелік жүргізушілер: "Президент халықты мүлдем естімей отыр"
  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"Халыққа 42 500 теңгеден гөрі вирус қауіпті екенін түсіндіру керек"
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:07 0:00
XS
SM
MD
LG