Accessibility links

Алматы тұрғыны Нұр-Сұлтанда Қытай елшілігі алдында "лагерьдегі інісін" босатуды талап етті


Қытай елшілігі алдында інісінің суретін ұстап тұрған Байболат Күнболатұлы. Нұр-Сұлтан, 20 ақпан 2020 жыл.
Қытай елшілігі алдында інісінің суретін ұстап тұрған Байболат Күнболатұлы. Нұр-Сұлтан, 20 ақпан 2020 жыл.

Алматы тұрғыны Байболат Күнболатұлы Қытай билігінен "қайта саяси тәрбиелеу лагеріндегі" інісін босатуды талап етті.

- Қытай билігінен інім Баймұрат Нарызбекұлын дереу бостандыққа шығаруын талап етемін. Оның абақтыда отырғанына 702 күн болды. Өлі-тірісі белгісіз. Қытайдағы туыстарым қысымнан қорқып, телефон тұтқасын да көтермейді. Інімді босатпайынша пикетке шыға беремін, - деді Байболат Күнболатұлы.

​Оның айтуынша, 1990 жылы туған інісі 2018 жылы наурыз айында Құлжа ауданына қарасты Қарағаш ауылында ұсталып, саяси лагерьге қамалған. Кейінірек белгісіз себеппен 10 жылға сотталған.

Акцияны алты полиция қызметкері бақылап тұрды, олардың бірі Күнболатұлының акциясын видеоға түсірді.

Байболат Күнболатұлы хатын тапсыру үшін елшілікке кірмек болып еді, күзетшілер оны ғимаратқа жібермеді.

Кейінірек елшіліктен бір қызметкер шығып, Күнболатұлын ішке кіріп сөйлесуге шақырды. Бірақ елшілік өкілі Азаттық тілшісіне түсініктеме беруден бас тартты.

Күнболатұлының айтуынша, түс кезінде елшілік өкілі хатын қабылдап, үш күн ішінде жауап беретінін айтқан.

Бұған дейін де бірнеше азамат (арасында Күнболатұлы да бар) Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында жалғыз адамдық пикет өткізіп, Қытайда қалған туыстары туралы ақпарат талап еткен еді. Бірақ олардың ешқайсысы бұған дейін жауап ала алмаған.

Қарай отырыңыз: "Шыңжаңда қамалған" туыстарын іздегендер Қытайдың консулдығына барды (22 қаңтар 2020 жыл).

"Шыңжаңда қамалған" туыстарын іздегендер Қытайдың консулдығына барды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:53 0:00

Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. 2018 жылы жазда БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отыр" деп мәлімдеген. Қытай билігі басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйрететін орталық" деп сипаттаған.

Құпия құжат: Шыңжаң мұсылмандары "сақал өсіріп, хиджап кигені" үшін қамалған

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG