Accessibility links

Алматыда ұсталған Жүкеевке айыппұл салынды, бірнеше белсенді қамалды


Алматы соты билікке қарсы митингіге қатысқандарды қалай жауапқа тартты?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:50 0:00

Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 22 ақпанда кешке бірнеше белсендіні әкімшілік жазаға тартты. Сот шешімі бойынша, Құрманғазы Қасымбеков - 9 тәулікке, Шәрбат Қаржаубаева жеті тәулікке қамалды. "Демократиялық партия" құруды көздейтін бастама тобының өкілі, саясаткер Төлеген Жүкеев және Анар Ибраимоваға әрқайсысына 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (шамамен 53 мың теңге) айыппұл салынды. Бұл ақпаратты Азаттыққа қоғамдық белсенді, құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова және белсенділер хабарлады.

Ақпарат бойынша сот cенбі таңертең үйінен бірден полицияға жеткізілген Ибраимова мен Қаржаубаеваны 11 қаңтар күнгі - "Сергек" камераларына қарсы акцияға қатысқаны үшін ("Бейбіт жиын тәртібін бұзу" бабы) әкімшілік жазаға тартқан. Соттан кейін Жүкеев Азаттық тілшісіне 22 ақпан күнгі митингіге қатысқаны үшін өзіне айыппұл салғанын айтты.

Азаттықтың түсірілім тобын сот ғимаратына кіргізбеді.

"Белсенді Руслан Иминахунов, Еркін Сабаншиев, Асхат Шыныбеков сотты күтіп отыр. Мұнда тағы бірнеше адам бар" деді кешкі 18.00 шамасында Маржан Аспандиярова Азаттық тілшісіне.

Белсенді Шәрбат Қаржаубаеваның айтуынша, оның ісін судья Әлімбаев қараған.

22 ақпанда Алматыда түске дейін және түстен кейін полиция "митинг орны" деп белгіленген жерде жүзден астам адамды ұстады. Сенбі күні түскі 11.00 шамасында Әлия мен Мәншүк ескерткіші жанында митинг өткізіп, саясаткер Жанболат Мамайды босатуды талап еткен "Демократиялық партия" белсенділері ұсталды. ​Азаттық тілшілері ондаған адамның ұсталғанын көрді.

Түстен кейін полиция тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының "митингі орны" деп белгілеген жерде және сол маңда жүзден астам адамды ұстап, бөлімшеге жеткізді.

Бұған дейін бұрынғы банкир, Қазақстан билігін сынаушы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов пен ол жетекшілік ететін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы 22 ақпан күні жақтастарын митингіге шақырған. Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы 2018 жылы елде "экстремистік ұйым" деп танылып, қызметіне тыйым салынған. Ал Әблязов Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. Еуропарламент 2019 жылғы наурыздағы резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

22 ақпанда Алматыдан бөлек, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе қалаларында полиция наразыларды ұстады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG