Accessibility links

Алматыда жастар талабынан соң белсенділерді босата бастады


Алматы қалалық полиция департаментінің алдында ұсталғандарды босатуды талап етіп тұрған адамдар. 1 наурыз 2020 жыл.

1 наурызда түстен кейін 20-30 шақты адам Алматы қалалық полиция департаментінің алдына барып, бірнеше сағат бұрын ұсталған белсенділерді босатуды талап етті. Талап қойғандардың басым бөлігі жастар болды. Олар белсенділердің ұсталғанына төрт сағаттан астам уақыт өткенін айтып, дереу босатуды сұрады.

Кешкі 17.00-ге қарай белсенділердің алды полициядан шыға бастады. Олардың арасында тіркелмеген Oyan, Qazaqstan қозғалысы мүшелері Әсем Жәпішева, Жанель Шаханова, тіркелмеген "Көше" партиясының өкілі Даная Қалиева болды. 1 наурызда таңертең Жәпішева мен Шаханованы полиция "митинг орнына" жетпей ұстаған. Олардың айтуынша, іште тағы 15 шақты жексенбі күні ұсталған адам бар.

Ал құқық қорғаушы Ерлан Қалиев Наурызбай аудандық ішкі істер басқармасына жеткізілгендерге адвокатты кіргізбей тұрғанын хабарлады.

Нұр-Сұлтанда күндізгі ұстаулардан кейін Есіл аудандық ішкі істер басқармасына барған Азаттық тілшісіне кіре берісте отырған кезекші полицей іште 25 адам бар екенін айтты. Оның айтуынша, олардың әрқайсысынан жеке-жеке жауап алынбақ. Кезекші тілшінің қалған сұрақтарына жауап бермеді. Әлеуметтік желіде жарияланған дерек бойынша, басқармаға жеткізілгендер арасында тіркелмеген "Көше" партиясының мүшелері Әсия Бақаева, Роза Мұсаева, Асқар Сембай бар.

Кешкі 18.00 шамасында Есіл аудандық ішкі істер басқармасынан 4-5 адам босап шықты. Солардың бірі Манас есімді азаматтың айтуынша, іште өзін Т.Д. есімді қызметкер Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (Еуропарламент резолюциясында ҚДТ-ны бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атайды) қозғалысы туралы сұраған.

- "ҚДТ құрамындасың ба? Оны қолдайсың ба?" деп сұрады. Мен қозғалыс жайлы білетінімді, оның бағдарламасы ұнайтынын айттым. Олар егер тағы митингіге шығатын болсаң, 50 АЕК көлемінде айыппұл (шамамен 132 мың теңге немесе 347 доллар) саламын деп ескертті, - дейді ол Азаттық тілшісіне.

Алматы аудандық ішкі істер басқармасына барған Азаттық тілшілерін ғимарат сыртын күзетіп тұрған полиция қызметкерлері кіргізбеді. Бұған дейін Абай ескерткіші маңында ұсталған тіркелмеген "Республика" қозғалысының өкілдерін осы жаққа жеткізгені туралы хабарланған еді.

Жексенбі күні Нұр-Сұлтан қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Эльмира Шауленованың телефоны өшіп тұрды.

Белсенді Мұрат Аштаевты полиция көлікке күштеп отырғызып жатыр. Шымкент, 1 наурыз 2020 жыл7
Белсенді Мұрат Аштаевты полиция көлікке күштеп отырғызып жатыр. Шымкент, 1 наурыз 2020 жыл7

Азаттықтың Шымкенттегі тілшісінің хабарлауынша, 1 наурызда күндіз Тәуке хан көшесінен ұсталған белсенді Мұрат Аштаевты Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына апарған кезде жүрегі ауырып, денсаулығы нашарлаған. Басқармаға жедел жәрдем қызметі шақыртылып, ізінше белсенді ауруханаға жеткізілген. Сол жерде оған ине салынған. Қазір оның қайда екені белгісіз. Белсендімен хабарласу мүмкін болмады.

1 наурыз күні Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе қаласында полиция ондаған азаматты ұстады. Олардың бір бөлігі митинг басталмай тұрып, үйлерінен әкетілді. Кейбірі "митинг орны" ретінде белгіленген аумақта күндіз ұсталды. Олардың кейбірінің қолында бірнеше күн бұрын астанадағы тергеу изоляторында көз жұмған белсенді Дулат Ағаділдің суреті, "диктатураға жол жоқ" деген жазуы бар плакат болды. Кейбірі "Шал кет" деп айқайлады.

Видео: Нұр-Сұлтанда арнайы жасақ митингіге келгендерді күштеп әкетті (1 наурыз 2020 жыл).

Нұр-Сұлтанда арнайы жасақ митингіге келгендерді күштеп әкетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:10 0:00

Әзірге нақты қанша адамның ұсталғаны белгісіз. Азаттық тілшісі ішкі істер министрлігіне хабарласқанмен жауап ала алмады.

Бұған дейін елдегі бірнеше оппозициялық ұйым 1 наурыз күні митингіге шығуға шақырған. Олар белсенді Дулат Ағаділдің өліміне кінәлілерді жазалау, саяси тұтқындарды босату, билік отставкасы және өзге де талаптар қоймақшы болған.

Митингілер қарсаңында Қазақстанның әр аймағында белсенділер қамалып, 1 наурызда таңертең митинг өтеді делінген облыстық және қалалық әкімдіктердің айналасы қоршалды. Бұл аумақтарда қозғалыс шектелді.

Жексенбі, 1 наурызда Алматыда Республика аумағында мобильді интернет байланысы нашарлады. Тікелей эфирде хабар таратуға мүмкіндік беретін құрылғы қызметі істемей қалды.

28 ақпанда бас прокуратура митингілерді "заңсыз" деп атап, жұртты наразылыққа шықпауға үндеген.​

Оқи отырыңыз: Құқық қорғаушылар митинг қарсаңында жер-жерде белсенділердің қамала бастағанын хабарлады

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

  • 16x9 Image

    Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ

    1994 жылы 20 мамырда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде филология мамандығы бойынша бакалаврды, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде магистратураны тәмамдаған. 

    "Дарабоз" журналында (2012-2014), "31 арнаның" жаңалықтар қызметінде (2015-2018) жұмыс істеген.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Днепрде вирустан қайтыс болуы мүмкін адамдарға қабір қазып қойды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:38 0:00
XS
SM
MD
LG