Accessibility links

Павлодар түрмесіндегі азаптау ісі бойынша апелляциялық сот аяқталды


Павлодар облысы сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы 2 наурызда Павлодардағы колонияда 2016 жылы болған азаптау оқиғасына қатысты 4 қыркүйекте шыққан сот үкіміне қатысты апелляциялық шағымды қарап, қаулы қабылдады.

Апелляциялық сот АП-162/3 түрмесінің бұрынғы қызметкерлерінің түрме жазасын азайтты. Бірақ үкімнің басқа тұсын өзгеріссіз қалдырды. Сот бұл қаулыға кассациялық жолмен шағымдануға болатынын ескертті.

Сотталушылар отырысқа Павлодардағы тергеу изоляторынан видео байланыс арқылы қатысты. Олар 2016 жылы ақпанда Павлодар түрмесінде дзюдодан Қазақстанның экс-чемпионы 44 жастағы Бақытжан Әбдікәрімовтің және 18 маусымда түрмеге Балқаштан этаппен келген 27 жастағы Сайын Мұратбековтің өліміне айыпты деп танылған.

Әбікәрімовтің ағасы Жандос Әбдікәрімов апелляциялық соттан “Өз-өзін өлтіруге дейін жеткізу” бабы бойынша сот үкімін жойып, істі қайта прокуратураға жіберуді сұрады.

Ал Сайын Мұратбековтің әкесі Қылышбай Мұратбеков өзінің апелляциялық шағымында “Азаптау” бабы бойынша сотталушыларға 12 жыл беруді сұрады.

Сотталған айыпты жоққа шығарып, соттан өздерін ақтауды сұрады. Қорғаушылар да айыпталушыларды қолдады.

Былтыр қыркүйекте Павлодар соты осы қаладағы АП-162/3 жалпы режимдегі түзеу мекемесіндегі азаптау ісі бойынша үкім шығарды. Сот айыпты деп таныған 14 адамды бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырды. Сотталғандардың тоғызы - бұрынғы түрме қызметкері, бесеуі - түрмеде жазасын өтеп жатқандар.

Оқи отырыңыз: "Сайын өзі құлады деп айт". Бұрынғы тұтқынның түрмедегі азаптау жайлы әңгімесі

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері үкіметтері Қазақстан билігін түрмедегі азаптауды тоқтатуға бірнеше рет шақырған. Еуропарламент былтыр наурыздағы қарарында Қазақстанда "тұтқындар мен күдіктілерді азаптау" қалыпты жағдайға айналғанын айтқан. АҚШ мемлекеттік департаменті әлемдегі адам құқығының ахуалы туралы биыл жариялаған есебінде Қазақстанда түрмеде отырғандарды азаптау, ұрып-соғу тыйылмай тұрғанына назар аударған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG