Accessibility links

Нұр-Сұлтанда белсенді Назым Серікбекова он тәулікке қамалды


Әкімшілік жазаға тартылғандарды қамайтын орталық. Көрнекі сурет.
Әкімшілік жазаға тартылғандарды қамайтын орталық. Көрнекі сурет.

Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған әкімшілік соты 4 наурызда тағы бір белсендіні «полицияға қарсылық көрсетті» (Әкімшілік кодекстің 667-бап) деп айыптап, он тәулікке қамады.

Азаматтық белсенді Назым Серікбековаға қатысты сот процесі кешке қарай басталып, шамамен түнгі сағат онда аяқталған. Әкімшілік істі Эльвира Ищанова қараған.

Назым Серікбекова 25 ақпанда Нұр-Сұлтандағы басқа белсенділермен бірге ішкі істер министрлігінің алдына келіп, сол күні таңертең тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қаза болған белсенді Дулат Ағаділдің түрмедегі қазасының себебін ашып айтуды талап еткен болатын. Ол сол күннен бері Нұр-Сұлтанда қамауға алынған оныншы белсенді. Бұған дейін белсенділер Медет Арыстанов, Серік Асқаров, Ербол Есхожин, Нұрсұлтан Тастаев, Асқар Қайырбек, Айдар Сыздықов, Айбек Сәбитов, Айдар Мүбараков, Дәулет Балшықбаев түрлі әкімшілік баптарымен 10-15 тәулікке қамуға алынған еді.

4 наурызда белсенді Зүбайда Сейдахметова 15 тәулігін өтеп, қамаудан босап шықты. Оны 22 ақпан күнгі митингілер қарсаңында «Көше партиясы» туралы ақпарат таратқаны үшін полиция ұстап, кейіннен қамауға алынды.

25 ақпанда Нұр-Сұлтан абақтысында белгісіз жағдайда қайтыс болған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің қазасынан соң Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбеде белсенділер биліктің ресми мәлімдемесіне күмән келтіріп, жоғары басшылардың отставкасын талап етіп келеді. Олар сонымен бірге уақытша қамау изоляторында отырған белсенділер мен саяси тұтқындарды түрмеден босатуды талап етті.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасы сот-медициналық сараптаманың алдын ала қорытындысы Дулат Ағаділдің "жүрек талмасынан" көз жұмғанын көрсетті деп мәлімдеген.

Қазақстанның қазіргі заңына сай, жұрт қандай да бір митинг, наразылық шарасына шығу үшін жергілікті биліктен алдын ала рұқсат алуы тиіс. Әкімдіктер көбіне түрлі себеп айтып, митинг өткізуге рұқсат бермейді. Құқық қорғаушылар Қазақстанның бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы заң халықаралық стандартқа сәйкес емес деп сынайды.

Оқи отырыңыз: Митинг өткізу құқығы. Жаңа заң жобасындағы ескі шектеулер

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG