Accessibility links

Шымкент соты кәсіподақ белсендісі Балтабайдың қамаудағы күнін қысқартты


Кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай (сол жақта) сот отырысына түрмеден қатысты. Шымкент, 6 наурыз 2020 жыл.
Кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай (сол жақта) сот отырысына түрмеден қатысты. Шымкент, 6 наурыз 2020 жыл.

6 наурызда Шымкенттегі Абай аудандық соты «айыппұл төлемегені үшін» бес ай сегіз күнге қамалған кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабайдың сот үкімі күшіне енгенше тергеу изоляторында отырған бір күнін бір жарым күн деп есептеу туралы өтінішін қанағаттандырды. Бұл туралы сот залынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Отырысқа «Лайықты еңбек» кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы болған Ерлан Балтабай Шымкенттегі жазасын өтеп жатқан түзеу мекемесінен бейнебақылау арқылы қатысты. Сотқа оны жақтап туыстары мен белсенділер келді.

Балтабай 2019 жылдың 17 шілдесінде «Сеніп тапсырған мүлікті иемдену» бабы бойынша жеті жылға сотталып, кейін қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың рақымшылығымен босап шыққан. Оның түрме жазасы айыппұлға алмастырылған. Бірақ Балтабай айыппұлды төлеуден бас тартып, осы үшін 16 қазанда бес ай сегіз күнге қамалған. Балтабай бес ай сегіз күн жазасына қылмыстық іс қозғалған кезде тергеу изоляторында отырған күндерін де қосуды сұрап, қолдау хат жазған.

Судья Қанат Мылтықбаев істі қарауды бастап, Балтабайдың өтінішін тыңдап болған соң түрме қызметкерінен белсендінің тергеу изоляторында қанша күн отырғанын сұрады. Түрме қызметкері оның 20 күн тергеу изоляторында отырғанын айтқан соң оған Балтабай қарсылық білдірді. Белсендінің айтуынша, үстінен қылмыстық іс қозғалғаннан бері сот үкімі күшіне енгенше 49 күн тергеу изоляторында отырған. Одан кейін сөз алған прокурор соттан Балтабайдың қолдау хатын қанағаттандыруды сұрады. Кеңесу бөлмесінде бес минутта болмаған судья Балтабайдың қолдау хатын қанағаттандыру туралы қаулысын оқыды.

«Судья Қанат Мылтықбаев «Балтабайдың 2017 жыл 17 шілдесінен бастап сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін тергеу изоляторында отырған уақыты бір күннен бір жарым күнге деп есепке жатқызылсын» деді.

Кейін судья Азаттық тілшісіне «үкім күшіне енгенге дейінгі тергеу изоляторында қанша уақыт отырғанын түрме әкімшілігі есептейтінін» айтты.

Оқи отырыңыз: Үш айда екі рет соттады. Ерлан Балтабайдың ісі

Түрме қызметкерлері Балтабайдың тергеу изоляторындағы нақты есептеген соң ол қамаудан ертерек шығуы мүмкін. Туыстарының сөзінше, Балтабайдың «айыппұл төлемеген үшін» бес ай сегіз күндік жазасы 24 наурызда аяқталуы тиіс.

Былтыр желтоқсанда құқық қорғаушылардың сарапшылар кеңесі Балтабайды "саяси тұтқын" қатарына қосқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG