Accessibility links

8 наурызда әйелдер маршына қатысқан белсенділерді полицияға шақырды


Феминист топтар ұйымдастырған әйелдер құқығына арналған марш. Алматы, 8 наурыз 2020 жыл.
Феминист топтар ұйымдастырған әйелдер құқығына арналған марш. Алматы, 8 наурыз 2020 жыл.

Бірнеше күн бұрын Алматыда өткен әйелдер маршына қатысқан белсенді Арина Осиновская және Фариза Оспанды полицияға шақырды деп хабарлады Vlast сайты. Осиновская - "заңсыз шеру ұйымдастыру" бойынша, Фариза Оспан "қоғамдық шарада жүріс-тұрыс қағидаларын бұзу" бабы бойынша күдікке ілінген. "Заңсыз шеру ұйымдастыру" бабы бойынша ең үлкен жаза - 10 күн әкімшілік қамау, ал "қоғамдық шарада жүріс-тұрыс қағидаларын бұзу" бабы бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл (53 мың теңге) салу жазасы қарастырылған.

Осиновская 11 наурызда таңертең Алмалы аудандық полиция басқармасында отырғанын айтып, адвокатпен келісім-шарт жасасып жатқанын хабарлаған.

Ал Фариза Оспан Facebook-желісінде полицияның Арина екеуін марш кезінде "гүл шоғын жаққаны үшін" жауапкершілікке тартқысы келетінін жазды.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 11 наурызда белсенді Лейла Махмұдованың да соты болатынын хабарлады.

8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні Алматыда өткен маршта қазақстандық феминистер қозғалысының өкілдері, белсенділер Қазақстандағы әйелдер құқығының ахуалы мен тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін айтып, биліктен тұрмыстағы зорлық-зомбылық жазасын күшейтуді талап еткен еді. Олардың айтуынша, Қазақстанда жыл сайын 400-ге тарта әйел күйеуінің не басқа жақынының қолынан қаза табады.

Оқи отырыңыз: "Үйге барсам күйеуім өлтіреді". Қазақстанда әйелге қол көтеру тыйылмай тұр

Шеруге шыққандар Қазақстанда ер мен әйел жалақысында айырмашылық барын, "әйелдер заң жүзінде зорлық-зомбылықтан қорғалмағанын" айтты.

Шеруді ұйымдастырғандар маршты өткізу үшін былтыр алты-жеті рет Алматы қаласы әкімдігіне өтініш бергенін, рұқсат ала алмағанын айтқан еді.

2019 жылы желтоқсан айының соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңға қол қойып, Әкімшілік кодекстегі тұрмыстық әлімжеттік туралы бөлікке өзгеріс енгізілген. Жаңа өзгеріске сәйкес, отбасында әйеліне қол көтергендерге бұрынғыдай айыппұл емес, ескерту ғана беріледі. Құқық қорғаушылар мен заңгерлер заңды сынаған. Ал ІІМ бұл өзгерісті "айыппұл жазасы ескертуге өзгертілді, себебі бұрын жанжал шығарған адам айыппұлды отбасы бюджетіне төлейтін. Бұдан отбасы мен бала жапа шегеді" деп түсіндірген.

Видео: Тоқаев өзгерткен "Зорлық-зомбылық" заңына көңілі толмайтындар көп

Тоқаев өзгерткен "Зорлық-зомбылық" заңына көңілі толмайтындар көп
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:54 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG