Accessibility links

Қазақстанда 12 жасар қыз баладан коронавирус табылды


Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі елде 12 жасар қыз баланың вирус жұқтырғанын хабарлады.

"Алматыда тағы бір адамнан коронавирус табылды. Ол 2008 жылы туған қыз бала. Қазақстанға Германиядан ұшып келген. Қазірге дейін Алматыда жеті, Нұр-Сұлтанда екі адам вирус жұқтырған" деді министрлік өкілі Диас Ахметшәріп.

Қазақстанда вирус жұқтырғандардың басым бөлігі Еуропа елдерінен келген. Коронавирус табылған бір адам ғана Сеулден келген. Қазір елде екі мыңға жуық адам карантинде жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, екі науқастың халі орташа, екеуінің жағдайы орташа ауыр.

Коронавирус жұқтырғандар саны өсіп жатқан тұста Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде 16 наурыздан 15 сәуірде дейін төтенше жағдай жариялады. Қоғамдық тәртіпті бақылау күшеймек. Көшеде полиция саны артуы мүмкін. Аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық, ерекше режимдегі мекемелердің күзеті күшейтіледі.

Азық-түлік дүкендердің, тамақ сататын базарлар мен дәріханалардың ғана жұмысы жалғасады. Кейбір асханалар да жұмыс істей бермек. Ірі сауда орындары жұмыс істемейді. Сауда орталықтарында тек азық-түлік сататын супермаркеттер, тамақ ішетін орындар ашық болуы мүмкін. Мұны әр сауда орталығы мен СЭС мамандары шешеді. Түнгі клубтар, кинотеатрлар, театрлар, көрме, музей және адамдар көп жиналатын орындардың жұмысы уақытша тоқтайды.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда төтенше жағдай. Бұл нені білдіреді? 300 сөзбен түсіндіреміз

Коронавирус бойынша соңғы ақпаратты мына сілтеме арқылы оқып, біле аласыздар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG