19 наурызда таңертең Семей қаласындағы ОВ-156/144 қатаң режимдегі колониядан "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев босап шықты. Оны түрме алдынан ондаған белсенді қарсы алды. Таңертеңгі сағат 10:30 шамасында түзеу мекемесінен көлікпен шыққан Жәкішев көліктен түсіп, бәріне қолдау білдіргені үшін алғыс айтты. Оның жанында әйелі Жәмила Жәкішева да болды.
3 наурызда Семей қалалық соты Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен ерте босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырған. Сот шешіміне сәйкес, дегенмен Мұхтар Жәкішев "пробациялық бақылауға алынып, жаза мерзімі толық аяқталмайынша Қазақстан аумағынан шығарылмайды".
Мұхтар Жәкішевті саясаттанушылар "білікті менеджер" деп санайды. Ол 2009 жылы мамырдың 21-іне "Қазатомөнеркәсібі" компаниясының басшысы қызметінен алынып, мамырдың 24-іне тұтқындалған. "Венада (Австрия) "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген" деген айыппен 14 жылға сотталған.
2012 жылы маусым айында Мұхтар Жәкішектің үстінен қозғалған тағы бір іс бойынша Астана қаласындағы Сарыарқа ауданының №2 соты үкім шығарды.
Оған "ірі көлемдегі алаяқтық" (қылмыстық кодекстің 177-бабы) және "өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлкін иемденіп, шығындау" (176-бап), "заңдастыру" (193-бап), "қылмыстық топ құру" (235-бап), "қызметтік өкілетін асыра пайдалану" (307-бап) баптары бойынша айыптар тағылып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі. Бұл жаза бұрынғы 14 жылдық жазамен біріктірілді. Екінші қылмыстық іс бойынша сот отырыстарына Мұхтар Жәкішев пен оның өзі жалдаған адвокаттары қатыспаған.
Түрмеде отырған кезде үшінші топ мүгедектігін алған Жәкішев өзіне тағылған айыптармен келіспейді.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Жәкішевті "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Құқық қорғаушылар "Жәкішев елден қашқан Мұхтар Әблязовпен (бұрынғы банкир, Қазақстан билігін сынаушы) араласқаны үшін қысымға ұшырады" деп санайды. Қазақстан билігі елде "саяси тұтқындар жоқ" деп есептейді.
Оқи отырыңыз: Ресей Қазақстанның уран өндірісіне ендей кірді
Халықаралық ұйымдар да бірнеше рет Қазақстан билігінен Жәкішевке бостандық беруді сұраған. 2015 жылы Жәкішевтің шағымын қараған Біріккен ұлттар ұйымының адам құқықтары жөніндегі комитеті оның құқығы бұзылғанын растап, Қазақстан билігін тұтқынды босатуға шақырған. 2018 жылы наурыз айында Хельсинки комитеті және "Орталық Азиядағы адам құқығы" қауымдастығы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазып, "науқас саяси тұтқын" Мұхтар Жәкішевке "адамшылық танытып" түрмеден босатуды сұраған.
Қазақстан билігі бұл өтініштердің ешбіріне реакция білдірмеген еді.
Былтырдан бері Қазақстанның бірнеше аймағында Мұхтар Жәкішевті қолдау акциялары өтті. Оған қатысушылар биліктен Жәкішев пен "саяси тұтқындар" тізіміндегі өзге азаматтарды дереу босатуды талап етті.
ПІКІРЛЕР