28 наурызда түсте Қызылордада бір топ әйел төтенше жағдай кезінде әлеуметтік көмекке зәру отбасы ретінде "арнайы тізімге" жазылғысы келетінін айтып, "Нұр Отан" ғимаратының алдына жиналды. Әйелдердің айтуынша, осы апта соңында әлеуметтік желілерде "ТЖ кезінде азық-түлікке мұқтаж адамдарға көмек берілетіні" туралы хабар тараған. Көшелерге хабарландырулар ілінген. Онда жазылған нөмірге хабарласқан кезде ешкім алмай қойған.
- Бүгін "Нұр Отанға" сол тізімге бізді де тіркесін деп айту үшін келгенбіз. Бірақ бізді ешкім қабылдамады. Ғимараттың ішінде адамдар жүрсе де бір адам шығып жауап берген жоқ, - деді әйелдердің бірі.
20 шақты әйел ғимарат алдында бірнеше сағат күтіп тұрды. Сол маңға келген бірнеше полиция қызметкері оларды онлайн түрде тіркелуге шақырды. Бірақ нақты қай органға хабарласу керектігін айтпады.
Жиналғандардың бірі 4 баланың анасы Гүлжамал Шәмсиева елде төтенше жағдай режимі енгізілген шақта нәпақа табу үшін осылайша жүгіруге мәжбүр болып отырғанын айтты.
- Қазір азық-түліктің бәрі қымбаттап жатыр. Берген атаулы әлеуметтік көмектері ештеңеге жетпейді. Ақшасы барлар азық-түліктерін үйлеріне толтырып алып, шықпай жатыр. Біз әлі күнге дейін құрылысқа барып, тиын-тебен табамыз. Одан алған ақшамыз түкке де жетпейді. Азық-түлік алып үлгерген жоқпыз. Мен сияқты қаншама аналар бар. Халықтың жағдайы болса, бүйтіп жүрмейді ғой. Жағдайы жоқ адамдар ғана көшеде жүр. Көп балалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға қиын жағдайда өмір сүріп жатқан адамдарға үкімет көмектесуі керек, - деді ол.
Түскі сағат 13:30 шамасында әйелдер үйлеріне қайтты.
Азаттық тілшісі "Нұр Отанның" Қызылорда қаласындағы өкілдігіне хабарласып көргенмен жауап ала алмады. Әкімдік өкілдері де жауап бермеді.
27 наурызда Қызылордада азық-түлік қоймасына жүзден астам адам жиналып, кейбір тұрғындар мемлекеттің көп балалы отбасыларға, жалғыз басты аналарға беретін азық-түріндегі көмегіне таласып қалған еді.
Видео: Қызылордада жұрт азық-түлік кезегіне таласты (27 наурыз 2020 жыл).
Қазақстанда коронавирусқа байланысты 16 наурызда төтенше жағдай енгізілген. Коронавирус көп табылған екі қалада карантин жарияланып, толық жабылды.
Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 204 адамға жеткен. 28 наурызда Қызылорда облысында коронавирус жұққан алғашқы адам анықталды.
Оқи отырыңыз: Қызылордада коронавирус табылған әйел Оңтүстік Кореядан 1 наурызда келген
ПІКІРЛЕР