Accessibility links

FIDU: 2018 жылдың наурызынан Қазақстанда митингілерде 6 мыңнан астам адам ұсталды


Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы күні полиция митинг орнында адамдарды ұстап жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы күні полиция митинг орнында адамдарды ұстап жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Италиядағы адам құқығы жөніндегі федерацияның (FIDU) 1 сәуір күнгі баяндамасында Қазақстанда адам құқығы ахуалының нашарлағаны және ұйым бақылаушыларына биліктің кедергі келтіргені айтылған.

Баяндама авторлары 2019 жылы ақпан айында Италияның адам құқығы жөніндегі федерациясының атынан Қазақстанға келген Украина азаматтары Людмила Волошина мен Валерий Явтушенконы биліктің елден депортациялағанын еске салады. Сол жылы мамыр айында ұйым бақылаушыларының бірі Сергей Антонишеннің елге кіруіне рұқсат бермеген.

"Осылайша FIDU бақылаушыларының жұмысы іс жүзінде тоқтатылды десе де болады" дейді баяндама авторлары. Олар елдегі жағдайды Қазақстандағы еріктілердің көмегімен бақылап отырғанын, биліктің оларды да қудалай бастағанын айтады. Мысал ретінде өткен жылы белсенді Данияр Хасеновке полицияның "экстремизм бойынша" айып тақпақ болғанын, кейінірек халықаралық қауымдастықтың қысымының арқасында істің жабылғанын атап өтеді.

Бұған қоса, баяндама аворлары былтыр елде заңсыз ұстаулар мен саяси қудалаулар жалғасқанын айтады. Түрмедегі азаптаулар мен қысым, тінту шаралары туралы айтады. Федерация есебінше, 2018 жылдың наурызынан, билік "Қазақстан демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танығалы бері, елдегі билікке сын айтылған бейбіт митингілерде алты мыңнан астам адам ұсталып, ондаған адам қудаланған.

"Қазақстанда миссия өкілдері бейбіт жиын өткізу, еркін пікір айту, баспасөз бостандығы, күшпен ұстаудан қорғау, азаптауға ұшырамау, адвокат пен әділ сотқа тартылу құқықтарының өрескел бұзылу фактілерін тіркеді. Билік БҰҰ-ның азаптауға қарсы конвенциясы мен Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті шарттарын бұзды. Бұған қоса, бұл әрекет Қазақстанның ЕҚЫҰ алдында алған міндеттемелері мен Еуроодақпен әріптестікті нығайту туралы келісімге қайшы" деді.

28 беттен тұратын баяндамада авторлар қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған Ескендір Ерімбетов, Мұхтар Жәкішев, Әсет Әбішев, Абловас Жұмаев, Айгүл Ақбердиева, Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішев, Мұратбек Тұңғышбаев сияқты азаматтардың ісіне жеке-жеке тоқталған.

Федерация өкілдерінің пікірінше, Қазақстан халықаралық ұйымдар алдында адам құқығы бойынша алған міндеттемелерін орындаған жағдайда ғана елге инвестиция құйылуы керек. Баяндамада Қазақстан билігімен диалогты елдегі адам құқығы ахуалына тәуелді ету қажеттігі айтылған.

АҚШ мемлекеттік департаментінің әлемдегі адам құқықтарының ахуалы туралы биылғы есебінде Қазақстанда саяси тұтқындар, цензура, сайттарды бұғаттау, діни-наным сенімге шектеу қою, түрмелерде азаптау, "Жала жабу" бабымен қылмыстық қудалау, бейбіт митингіге шығуға кедергі жасау, саяси өмірге араласуға шектеу бары айтылған еді.

Қаңтар айындағы Human Rights Watch ұйымының есебінде былтыр адам құқығы саласында айтарлықтай өзгеріс болмағаны, бейбіт шеруді күшпен тарату жалғасып, оппозицияны, кәсіподақ белсенділерін қудалау күшейгені, тәуелсіз журналистерге кедергі келтіру, қамаудағыларды азаптау тыйылмағаны, мүгедек балаларға білім беру жақсармағаны, тұрмыстық зорлық-зомбылық істерінің көбі жабық күйінде қалатыны айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG