Accessibility links

Қызылорда облысының Сырдария ауданында науқастар саны үш адамға көбейген


Төтенше жағдай кезінде берілетін әлеуметтік көмекті рәсімдеу үшін "Қазпошта" алдына жиналған халық. Қызылорда қаласы, 6 сәуір 2020 жыл.
Төтенше жағдай кезінде берілетін әлеуметтік көмекті рәсімдеу үшін "Қазпошта" алдына жиналған халық. Қызылорда қаласы, 6 сәуір 2020 жыл.

Денсаулық сақтау министрлігі 8 сәуір таңертең Қызылорда облысында үш адамнан коронавирус табылғанын хабарлаған. Ресми органдардың хабарлауынша, үшеуі де Сырдария ауданында тұрады. Үшеуі де коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болғандықтан карантиндік стационарда жатқан.

"Қазір науқастардың жағдайы бірқалыпты. Хаттамаға сәйкес, емделіп жатыр" делінген хабарламада.

Қызылорда облысында барлығы 69 адамға вирус жұққан. Қызылорда қаласында – 9, Жаңақорған ауданында – 16, Қармақшыда – 4, Шиеліде – 35, Сырдария ауданында - 14, Арал ауданында – 1 адамнан коронавирус табылған.

Қызылорда облысы коронавирус жұқтырғандар саны бойынша республикада Нұр-Сұлтан (222) және Алматыдан (119) кейін үшінші орында тұр. Наурыз айының соңы және сәуір айының басында Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданы карантинге жабылған. Облыста шектеу шаралары күшейтілген.

Министрлік 8 сәуірде таңертең Атырау облысында да төрт адамнан коронавирус табылғанын хабарлаған. Ресми органдардың хабарлауынша, үшеуі Атырау қаласында тұрады, бір адам - Жылыой ауданының тұрғыны. Олар коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған. Қазір жағдайы бірқалыпты. Атырау облысында науқастар саны 36 адамға жеткен.

Қарай отырыңыз: Қазақстан аймақтарында вирустың тарау динамикасы (Гистограмма)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG