Accessibility links

Алматылық белсенді Геннадий Крестьянский 10 тәулікке қамалды


 Геннадий Крестьянский
Геннадий Крестьянский

20 сәуірде Алматының әкімшілік соты жергілікті белсенді Геннадий Крестьянскийді 10 тәулікке қамау туралы шешім шығарды. Бұл туралы Азаттыққа белсенді Марат Тұрымбетов хабарлады. Сот Крестьянский "Билiк өкілінің талабына әдейі бағынбау" (478 бап) бабы бойынша айыпты деп тапқан. Тұрымбетовтың сөзінше, Крестьянский өзіне тағылған айыпты мойындамай, наразылығын аштық жариялау арқылы білдіруге бел буған.

Белсендінің жауапкершілікке тартылуына биыл 26 наурыз күні Алматыдағы карантинге байланысты қойылған блокпостардан тікелей эфирге шыққан екі видео себеп болған. Видеода Геннадий Крестьянский тағы бір белсенді Юрий Маленькихпен бірге қаладан шығатын жерде орнатылған блокпостардың жұмысын бақылап, тыйымға қарамастан постардан өтуге мүмкіндік барын, ондағы полиция қызметкерлерінің жетіспеушілігін атап, бейнекамералар орнату қажеттілігі жайлы, бекеттегі кей қызметкерлердің өзі қауіпсіздік шарасын сақтамай жүргенін айтқан.

“Видеода көрсеңіздер, бізге поста Жетісу аудандық полиция бөлімшесінің басшысы келіп, сұрақтарымызға жауап беріп, кемшіліктерді түзеуге уәде беріп, тікелей эфирді аяқтадық. Алайда көп ұзамай сол жерде жүрген Жетісу ауданы әкімдігінің өкілі біздің бекетте жүргеніміз заңсыз, өз жұмыстарына кедергі келтіріп жатқанымызды айтып, шағымданды. Біз посты 150 метрдей алыс тұрып бақыладық” деген еді бұған дейін Геннадий Крестьянский Азаттыққа.

Кейінгі аптада елде билікті ашық сынап, талап айтып жүрген бірнеше белсенді түрлі баппен айыпталып, қамалды не істе болды. Құқық қорғаушылар "билік төтенше жағдай режимін пайдаланып, өзін сынайтындарды жазалауды күшейтті деп санайтынын" білдірген. Қазақстанда коронавирусқа байланысты 16 наурыздан 1 мамырға дейін төтенше жағдай жарияланған. Елдегі қалалар мен аймақтар карантинге жабылған. Жұрттың албаты сыртқа шығуына тыйым салынған.

Ал белсенді Крестьянский былтыр да елдегі бейбіт митингілер мен акцияларға қатысқаны үшін жазаланған. Былтыр қыркүйекте Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты оны Қытай жобаларына қарсылық білдіріп, жаңаөзендіктерді қолдау акциясына қатысқаны үшін 15 тәулікке қамалған. Сол кезде де ол наразылығын аштық жариялау арқылы білдіріп, аппеляциялық шағымы қаралған күні жағдайы күрт нашарлап, қалалық соттан жедел-жәрдем көлігі әкеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG