Accessibility links

Талғат Аян: Наразылыққа шығарда жауапкершілік барын білдік


Азаматтық белсенді Талғат Аян ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге наразылық жиынында тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Талғат Аян ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге наразылық жиынында тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Осыдан тура төрт жыл бұрын, 2016 жылы сәуірдің 24-і күні Атырауда мыңға жуық адам алаңға жиналып, жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсылық білдірді. Атырауда басталған наразылық кейін елдің басқа аймақтарында да жалғасты. Жұрт наразылығынан кейін билік жерді шетелдіктерге жалға беруге мораторий жариялады. Бұған қоса, жер реформасына қарсы митингіге қатысқан атыраулық белсенділер – Макс Боқаев пен Талғат Аян бес жылға сотталды. Сот 2018 жылы сәуірде Аянның өтініші бойынша оны қамаудан босатқан. Ал Қазақстан билігі халықаралық ұйымдардың және құқық қорғаушылардың талабына қарамастан Макс Боқаевты қамауда ұстап отыр. Азаттық Атыраудағы Жер митингісінің белсенді Талғат Аянмен сұқбаттасты.

ЖЕР МИТИНГІСІ ҚАЛАЙ БОЛЫП ЕДІ?

2016 жылдың наурызында сол кездегі ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев шілденің 1-інен бастап ауыл шаруашылығына арналған 1,7 миллион гектар жер аукцион арқылы саудаға қойылатыны туралы мәлімдеді. Досаевтың бұл сөзі халық арасында наразы пікірді көбейтті. 2016 жылы сәуірде парламент сенаты Жер кодексіне "шетелдіктермен бірлескен отандық компанияларға ауыл шаруашылық жерлерін жалға беру мүмкіндігін 10 жылдан 25 жылға ұзарту" туралы өзгерістер енгізілген заң жобасын талқылауға қабылдап алды. Билік бұл бастаманың мақсаты – елдегі ауыл шаруашылық жерлердің "тиімділігін арттырып", "инвесторларды тарту" екенін мәлімдеген.

2016 жылы сәуірдің 24-іне наразы жұрт Атыраудың орталық алаңына жиналды. Олар биліктен жерді ешкімге сатпауды, "шетелдіктерге бермеуді" талап етті.

Үкіметтің жер реформасына қарсы митинг. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл

Макс Боқаев "жер мәселесіне" қатысты талап қойды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:04 0:00

Атыраудан кейін Ақтөбе, Семей, Қызылорда, Ақтау, Жаңаөзен, Алматы, Орал қалаларында жүздеген адам қатысқан митингілер өтті. Жер-жерде жиынға қатысқандар мен наразылық білдіруге шақырғандарды билік әкімшілік жауапқа тартты - айыппұл салып, кейбіреуін 10-15 тәулікке қамады. Ал Атыраудағы наразылықта билікке нақты талап қойып, көзге түскен жергілікті белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты", "бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды" деген айыппен бес жылға сотталып, түрмеге қамалды.

Халық наразылығынан соң сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексіндегі бірнеше өзгеріске, соның ішінде шетелдіктерге жерді жалға беру туралы бапқа 2021 жылға дейін мораторий жариялаған.

Макс Боқаев Талғат Аян (сол жақта) екеуінің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі кезінде Қазақстан Конституциясын көрсетіп тұр. Атырау, 18 қазан 2016 жыл.
Макс Боқаев Талғат Аян (сол жақта) екеуінің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі кезінде Қазақстан Конституциясын көрсетіп тұр. Атырау, 18 қазан 2016 жыл.

2018 жылы сәуірде сот Талғат Аянның түрме жазасын бас бостандығын шектеу жазасына алмастыру туралы өтінішін қанағаттандырды. Сол жылы шілдеде сот Аянды шартты жазадан мерзімінен бұрын босатты. Ал әлі қамауда отырған Макс Боқаевтың бостандыққа шығуына бір жылдай уақыт бар. Ол "жазасын жеңілдету туралы өтініш жазбайтынын" айтқан. Қазақстандық құқық қорғаушылар тобы Боқаев пен Аянды "саяси тұтқын" деп таныған еді.

Осыдан төрт жыл бұрын Жер митингісін өткізуге мұрындық болғандардың бірі Талғат Аян қазір Атырау қаласында тұрып жатыр. Ол Азаттыққа берген сұхбатында Жер митингісіне дейінгі және кейінгі жағдайлар жайлы айтты.

"МЕМЛЕКЕТ 30 ЖЫЛДА ҚАРЖЫНЫ АГРАРЛЫҚ САЛАҒА САЛУЫ КЕРЕК ЕДІ"

Азаттық: Жер митингілерінің өткеніне биыл төрт жыл толды. Ал Жер кодексіндегі даулы баптарға жарияланған мораторий мерзімі келер жылы аяқталмақ. Тоқаев 2019 жылы қыркүйектегі жолдауында "Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – міндетіміз" деген еді. Қалай ойлайсыз, Жер митингісіндегі талап орындалды ма?

Талғат Аян: Жер митингісінде қойылған талаптар орындалды деп ойламаймын. Әзірге бұл мәселені мораторий біткенше уақытша ғана тоқтатып қойды. Одан кейін мәселе қайта көтеріледі деп ойлаймын. Әрине, қазір президенттен бастап, депутаттар мен саясаткерлер "Жер мәселесі жабылды" деп айтып қалады. Бірақ айтылған сөз емес, істелген іске қарау керек, яғни Жер кодексінің өзіне қарау қажет. Жер кодексінің өзінде біз қойған талаптар нақты жазылмаса, онда оны орындалды деп есептемеймін.

Азаттық: Өзіңіз айтқан билік маңында жүргендердің "Жер мәселесі осымен бітті, билік жерді сатуға және шетелдіктердің жалға алуына жол бермейді" деген пікіріне не дейсіз? Сенуге бола ма?

Бұл мәселені халық ұмытпауы үшін үнемі көтеріп отыру керек деп ойлаймын.

Талғат Аян: Бұл мәселені халық ұмытпауы үшін үнемі көтеріп отыру керек деп ойлаймын. Әсіресе, қазіргі дүниежүзіндегі экономикалық ахуалға, мұнайдың арзандауына байланысты басқа ресурстардың болашақтағы потенциалы көрініп тұрған сәтте біз жерді сақтап қалуымыз керек деп есептеймін. Ал жердің сатылмауына қатысты биліктегілердің сөзі – нағыз популизм, саяси ұпай жинау ғана.

Азаттық: 2016 жылы Атырауда басталған жер митингілері Қазақстанның басқа өңірлерінде де жалғасты. Сіздерді өзге аймақтар да қолдайды деп күттіңіздер ме?

Азаматтық белсенді Макс Боқаев ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы жиында сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Макс Боқаев ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы жиында сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Талғат Аян: Басқа аймақтар да наразылыққа шығады деген үміт болды. Бірақ олардың шығуына біздің қатысымыз жоқ. Макс Боқаев екеуіміз тек Атырауда болған митингіге ғана жауапты болдық. Бұл – біз ғана көтерген мәселе емес. Бұған көптеген қоғам қайраткері мен белсенді атсалысты.

Азаттық: Төрт жыл бұрын болған наразылық жиынын еске алсақ, наразылық шарасына халық қалай жиналды?

Талғат Аян: Заңға өзгеріс енгені жайында алғаш "Алаш жолы" деген ұйымнан естідік. Біз ол ұйымға мүше емес едік. Содан кейін ауыл шаруашылық және ұлттық экономика министрлерінің сұқбаттарын оқып, таныстық. "Алаш жолы" ұйымының мамырдың 21-іне митинг ұйымдастырғалы отырғанын әлеуметтік желіден оқыдық. Ал біз белсенділермен ақылдасып, Атырауда сәуірдің 24-і күні қарсылық шарасын өткізуді ұйғардық. Әкімдікке өтініш бердік. Әлеуметтік желілер арқылы митинг туралы ақпарат таратып, билік рұқсат бермесе де шығатынымызды айттық. Наразылық қай жерде, қай күні, сағат нешеде болатыны туралы хабар тараттық. Біз ол үшін жауапкершілік барын білдік.

Ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге жалға беруге қарсылық білдіріп жиналған адамдар. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге жалға беруге қарсылық білдіріп жиналған адамдар. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Митинг өтті, адамдар да жиналды. Арамыздағы кей жігіттер халықтың көп келетініне сенді. Ұйымдастырушылардың енді бірі оған күмәнмен қарады. Бірақ біз азаматтар жиналса да, жиналмаса да митинг қай күні, қайда және қай уақытта өтетінін көрсетуді мақсат еттік. Қалғанын халықтың өзі шешуі тиіс екенін түсіндік.

Азаттық: Жер дауына байланысты наразылықтар кезінде әлеуметтік желіде түрлі пікір айтылды. Соның бірі "Жер сатылмауы үшін оны өзіміз игеруіміз керек" деген тұрғыда болды. Қалай ойлайсыз, қарапайым жұрттың жер игеріп, ауыл шаруашылығымен айналысуына мүмкіндігі бар ма?

Талғат Аян: Әрине, мемлекеттің жекелеген азаматтарға жерді игеруге беруге бұған дейін де мүмкіндігі болды. Отыз жылдың ішінде мемлекет қаржыны аграрлық салаға құюы керек еді. Бірақ бұған дейін ондай жағдай жасалмады. Егер солай жасағанда, біз өзімізді ауыл шаруашылық өнімімен толық қамтамасыз етер едік. Өкінішке қарай, ондай деңгейге жеткен жоқпыз. Жердің латифундистер қолына өткенін, олардың не өздері пайдаланбай, не басқаға бермей отырғанын биліктің өзі мойындайды. Ал олар (латифундистер – ред.) жердің жалға берілуін, сатуға шығаруға болатын кезді күтіп отыр. Меніңше, сондай жерлерді ауыл шаруашылығымен айналысуға ниетті өз азаматтарымызға беріп, оларға көмектесуге болады.

Үкіметтің жер реформасына қарсы жиын. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл

Азаттық: Биліктің жерді жалға беру, сату мәселесін көтеруіне не түрткі болды деп ойлайсыз? Бұл қандай мұқтаждықтан туындады?

Талғат Аян: Менің ойымша, билік жерді жалға беретін, сататын кейбір мемлекеттің тәжірибесін енгізбекші болған сияқты. Бәлкім, сол елдердегідей жер бос жатпасын, инвестиция келсін деген ой да болған шығар. Бірақ билік оны қоғам талқысына салмады. Ешқандай ақпарат құралында жарияламады. Халық оны 2016 жылдың көктемінде ғана бір-ақ білді. Яғни, билік мұны жасырғандай болды. Мен мұны мемлекет қатесі деп ойлаймын. Егер әу бастан қоғаммен ақылдасып, халыққа түсіндіргенде мүмкін жағдай басқаша болар ма еді? Бұл – бір. Екіншіден, дәл қазір жемқорлық ушығып тұрғанда, латифундистер жүздеген, мыңдаған гектар жерді иеленіп отырғанда осындай заң қабылдау мемлекетке де, қарапайым халыққа да тиімсіз деп ойлаймын. Бұл сол жерді басып отырған алыпсатарларға ғана пайдалы. Мүмкін осы заңның қабылдануын қалағандар бар шығар.

Азаттық: 2016 жылдың наурызында сол кездегі ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев шілденің 1-інен бастап ауыл шаруашылығына арналған 1,7 миллион гектар жер аукцион арқылы саудаға қойылатыны туралы мәлімдеген. Ал Жер митингілерінен кейін, 2016 жылы мамырдың басында ол министр қызметінен кетті. Досаев қызметінен кетіп бара жатып Назарбаевқа "жерді жалға беруге қатысты пікірінде қалатынын" айтты. Досаевтың осы сөзін қалай қабылдадыңыздар?

Талғат Аян: Досаевтың отставкаға кетіп бара жатқанда айтқан сөзін естімедім. Әрине, ол экономист ретінде өз пікірінде қалғанын дұрыс санайтын шығар. Бірақ жер – Досаевтың жеке меншігі емес, халықтың жері ғой. Ол тіпті, өз позициясын халық алдына шығып қорғаған да жоқ. Халықтан жасырып келіп, уақыты тақағанда ғана жерді жалға беруге, сатуға шығарып жатқандарын айтты. Бұл – дұрыс емес.

Азаттық: Макс Боқаевпен хабарласып тұрсыз ба? 2021 жылы аяқталатын мораторий жайлы оның ойы қандай?

Талғат Аян: Макспен апта сайын хабарласып тұрамын. Бірақ біз мораторий туралы сөйлесіп жүрген жоқпыз. Оның уақыты аз. Оған заң бойынша түрмедегі таксофонмен жақындарына хабарласуға 15 минут қана рұқсат берілген. Біз 3-5 минут қана сөйлесеміз. Халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп таныған Макс Боқаевтың түрмеде отырғанына келесі айда төрт жыл толады.

Азаттық: Сұқбатыңызға рахмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG