Accessibility links

Қамаудағы белсенді Геннадий Крестьянский ауруханаға түсті


Геннадий Крестьянский.
Геннадий Крестьянский.

Алматылық азаматтық белсенді, әкімшілік қамауда отырған Геннадий Крестянскийдің денсаулығы нашарлап, ауруханаға жеткізілген. Сенбі күні түстен кейін ол Азаттыққа Алматының №4 ауруханасында неврология бөлімінде интенсивті терапия қабылдап жатқанын хабарлады. Белсендінің айтуынша, өзін мұнда жедел жәрдем қызметі ишемиялық инсультпен жеткізген.

- Кеше, 24 сәуірде Лобачевскийдегі уақытша қамау изоляторына үш рет жедел жәрдем келді. Әуелі қан қысымым көтеріліп, өзім шақырттым. Екінші рет изолятор басшылығымен сөзге келіп, дауласқаннан кейін қан қысымым қайта көтерілді. Жағдайым күрт нашарлап, оң жағым толығымен жансызданып, есімнен танып құладым. Изолятор өкілдері шақырған дәрігерлер мені «алып кетеміз» десе де келіспей, қолхат жазып, қалып қалдым. Себебі бүгін (25 сәуір - ред.) өтетін апелляциялық сотқа қатысқым келді. Арада бір сағат өткеннен кейін мені басқа камераға ауыстырып, ондағылар маған қоқан-лоқы көрсетіп, ар-намысыма тиіп, «таңертеңге дейін аман қалмайсың» деп сес көрсетіп, арандатпақ болды. Мен айқайлап кезекшілерді шақырып, дәлізге қашып шықтым. Сол жерде басымды есіктің тұтқасына соғып, камераға қайта кірмеудің амалын жасадым. Осыдан кейін үшінші рет келген жедел жәрдем мені аураханаға алып кетті, - дейді ауруханада жатқан Геннадий Крестьянский.

20 сәуірде Алматының әкімшілік соты белсендіні 10 тәулікке қамау туралы шешім шығарған. Сот Крестьянскийді "Билiк өкілінің талабына қасақана бағынбау" (478-бап) бабы бойынша айыпты деп тапқан. Крестьянский өзіне тағылған айыпты мойындамай, сол күннен бастап аштық жариялаған. Ол 20-сынан бері алғаш рет 24 сәуірде кешкісін ауруханаға түскен кезде су ішкенін айтады.

- Жағдайым едәуір жақсарды. Бірақ дәрігерлер кемінде бес-алты күн жату керек дейді. Заң бойынша, ауруханаға түскенде жаза уақыты тоқтап, кейін жазылып шыққаннан кейін қалған бес күнімді өтеу үшін изоляторға қайта баруым керек, - дейді белсенді.

Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі белсендінің кешке аураханаға жеткізілгенін растап отыр.

- Геннадий Крестьянскийдің денсаулығының нашарлауына байланысты жедел-жәрдем шақыртылып, Алматының ауруханаларының біріне жатқызылды. Ал изолятор басшылығымен арада қандай да бір кикілжің болса, арыз жазса, тексеруге дайынбыз, - дейді баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.

Геннадий Крестьянскийдің адвокаты Екатерина Чалыхтың Азаттыққа хабарлауынша, 25 сәуірде оның апелляциялық шағымы Алматының аппеляциялық сотында қаралуы тиіс. Уақыты әзірге белгісіз.

Белсенді Геннадий Крестьянский былтырдан бері елдегі бейбіт митингілер мен акцияларға қатысқаны үшін бірнеше рет жазаланған. 2019 жылы қыркүйекте Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты оны Қытай жобаларына қарсылық білдіріп, жаңаөзендіктерді қолдау акциясына қатысқаны үшін 15 тәулікке қамаған. Сол кезде де ол наразылығын аштық жариялау арқылы білдіріп, апелляциялық шағымы қаралған күні жағдайы күрт нашарлап, қалалық соттан жедел-жәрдем көлігі әкеткен.

P.s. 25 сәуірде кешке қарай Геннадий Крестьянский Азаттық тілшісіне хабарласып "апелляциялық сот 10 күндік жазаны 7 күнге қысқартты" деп айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG