Accessibility links

Мақтаралдағы су тасқыны: Диқандар 4,1 млрд теңге көлемінде шығынға батқан


Су басқан елді мекендер. Мақтарал ауданы, Түркістан облысы, 7 мамыр 2020 жыл.
Су басқан елді мекендер. Мақтарал ауданы, Түркістан облысы, 7 мамыр 2020 жыл.

Түркістан облысы Мақтарал ауданында 7639 гектар егістік алқабын су шайып кеткен, диқандар 4,1 млрд теңге көлемінде шығынға батқан. Бұл туралы 9 мамырда облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

"Ауданда 11 елдімекеннің егістіктерін су шайған. Жалпы бір мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілер тізімі жасалды. 7639 гектар егістіктің шығынын 4 млрд 1 млн теңге көлемінде есептеп, үкіметке ұсындық. Комиссия шешімі бойынша әр дақыл түріне қарай өтемақы жасалады" деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

Оның айтуынша, 297 малды (58 бас сиыр, 227 қой-ешкі, 16 жылқы, 2 түйе және 227 үй құс) су ағызып әкеткен.

"Мал шығынын өтеу үшін нарықтағы баға бойынша 32 млн теңге шығынды есептеп, үкіметке ұсынып отырмыз" деді ол.

1 мамырда Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы жарылып, айналасындағы ауылдарды су шайып кеткен. 1 мамыр түнде Сардобаның суы Қазақстанның оңтүстігіндегі, қазақ-өзбек шекарасында орналасқан Абай каналына жетіп, Мақтарал ауданындағы бірнеше ауылды су алған. Осыдан соң Мақтарал ауданында төтенше жағдай жарияланып, мыңдаған тұрғын эвакуацияланған. Жүздеген үйді су басып, жарамсыз қалған.

Бұған дейін билік өкілдері су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға әрқайсысына 100 мың теңге көлемінде өтемақы берілетінін, үйлері жарамсыз қалған тұрғындарға жаңадан баспана берілетінін айтқан.

Басында Қазақстан билігі су тасқынына байланысты Өзбекстанға наразылық нотасын жіберіп, өтемақы сұрайды деген ақпарат шыққан. Кейіннен Қазақстан сыртқы істер министрлігі наразылық нотасы жіберілмейді деп хабарлады.

9 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісінде "су ресурстарын тиімді әрі әділ пайдалану мәселесі өзбек тарапымен тығыз байланыста шешілетін болады" деп жазды.

Бұған дейін үйінен, малынан айырылған тұрғындар биліктен нақты көмек болмай жатқанын айтып, наразылық білдірген.

Қарай отырыңыз: Мақтаарал жұртын әуреге салған топан су (6 мамыр 2020 жыл).

Мақтаарал жұртын әуреге салған топан су
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:38 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG