Accessibility links

Тәжікстанда бір күнде 90 адамнан коронавирус табылды, 6 адам қайтыс болды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Соңғы бір күнде Тәжікстанда 90 адамнан коронавирус табылды, 6 адам қайтыс болды деп хабарлады Азаттықтың Тәжік қызметі. Елде барлығы 612 адамға вирус жұққан, 20 адам қайтыс болған. 4700-ден астам адам дәрігерлер бақылауында.

Тәжікстан билігі бұған дейін ұзақ уақыт елде коронавирус барын мойындамай келген. Азаттықтың Тәжік қызметінің жазуынша, азаматтық қоғам қысымынан кейін билік елге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерін шақыруға мәжбүр болған. Жақында президент Эмомали Рахмон денсаулық сақтау министрін ауыстырды. 54 жастағы Жамолиддин Абдуллозода ведомство басшысы ретінде тағайындалған.

Соңғы кезде тәжік дәрігерлері медициналық киімдер мен дәрі-дәрмек тапшылығына жиі шағымдана бастаған.

Оқи отырыңыз: Тәжікстанда вирус жұқтырғандар күрт өсті. Ауруханаларда орын жетпей жатыр

Бұған дейін коронавируспен күрес жөніндегі республикалық штаб эпидемиологиялық ахуалға байланысты мектеп оқушыларын демалысқа жіберген, азық-түлік емес базарларын жауып, концерт, театр қойылымдары және өзге де қоғамдық шаралар өткізуге тыйым салған. Тәжікстанның дінбасылары мешіттерде топтасып намаз оқып, құлшылық қылуға тыйым салған.

Дегенмен елде қоғамдық көлік, мемлекеттік мекемелер, базарлар жұмыс істеп тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG