Accessibility links

Тәжікстанда вирус жұқтырғандар күрт өсті. Ауруханаларда орын жетпей жатыр


Tajikistan -- Hospital #1, Dushanbe city, 27Apr2020
Tajikistan -- Hospital #1, Dushanbe city, 27Apr2020

Басқа елдер COVID-19 дертімен күресіп жатқан тұста біраз уақыт «әлемдегі коронавирус індеті мүлде тіркелмеген санаулы елдің біріміз» деп келген Тәжікстанда ауруханалар инфекция жұқтырған науқасқа толып қалған, ал дәрігерлер құрал-жабдық жетпей жатқанын айтады.

Тәжікстан астанасы Душанбедегі тұрғындардың айтуынша, кейбір ауруханада орын қалмағандықтан, коронавирус жұқтырған науқастарды қабылдамай жатыр. Азаттықтың Тәжік қызметінің қолына түскен бір видеода қауіпті вирус елге тарала салысымен тез арада ауруханаға айналған Варзоб туристік кешенінің алдында тұрған төрт жедел жәрдем көлігі байқалады.

Бір науқастың туысы «көліктердің ішінде [коронавирус жұқтырған] науқастар отыр» дейді. Оның және науқастардың басқа да туыстарының айтуынша, қаладағы ауруханалар көліктерді қабылдамай, Душанбенің сыртындағы осы Варзоб кешеніне жіберген.

«Бұл жер де [науқастарды] қабылдамай жатыр. Осында өліп қалсаң да, ешкімнің ісі жоқ» деді аты-жөні белгісіз әйел.

«Мемлекеттік телеарналар біздің [коронавирусты жеңетін] барлық мүмкіндігіміз бар деп отыр. Ал іс жүзінде олар ауырған кісіні қайда жіберерін білмей әлек» дейді ол.

Тәжікстанда жедел-жәрдем көлігі жетпей жатыр.
Тәжікстанда жедел-жәрдем көлігі жетпей жатыр.

Жергілікті белсенді бөліскен тағы бір видеода бір әйел Душанбедегі Шифобах ұлттық медицина кешенінде анасына орын тауып беруді сұрап дәрігерге жалынып жатыр. Ол «Анама төсек тауып беріңізші, өтінемін, дәлізден болса да болады» деп жалынып тұр.

Душанбе мен басқа да аймақтардан осыған ұқсас видео жариялап жатқандар бар. Жұрттың көбі осы видеоларды өзара бөлісіп, пікір қалдырып жатыр.

ТЕККЕ КЕТКЕН УАҚЫТ

Апталар бойы «вирустан тазамыз» деп сендіріп келген Тәжікстанда сәуірдің 30-ы күні бірден 15 адамнан коронавирус табылып, елде аласапыран басталып кетті. Орталық Азияның 9 миллиондай тұрғыны бар бұл кедей елі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың таралу жағдайын саралауға Душанбеге делегация жіберердің алдында ғана вирустың бар екенін мойындады.

Сәуір айында тәуелсіз ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушылары Тәжікстанда «өкпе қабынуынан» өлгендер саны артып кеткенін айтып, басшылардан мұның мәнісін түсіндіруді талап етумен болды. Қайтыс болғандар арасында бірнеше дәрігер мен аурухана қызметкері болған.

Худжанд қаласын дезинфекциялап жүрген адам. 28 сәуір 2020 жыл.
Худжанд қаласын дезинфекциялап жүрген адам. 28 сәуір 2020 жыл.

Ресми органдар елде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар жоқ екеніне сендіріп, негізсіз ақпаратпен елді дүрліктірді деп журналистерге шүйлігіп келген. Ұзақ жылдан бері Эмомали Рахмонның қоластындағы авторитарлық басқару режимі орнаған елде мұндай реакцияның болуы ешкімді таңқалдырмайды. Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары Рахмон үкіметін өзіне жақпайтын пікір айтқандарды басып тастап, тәуелсіз ақпарат құралдарын тұншықтырды деп жиі айыптайды.

Мамырдың 7-сі күнгі мәлімет бойынша, Тәжікстанда коронавирусты 379 адам жұқтырған, 8 науқас осы індеттен қайтыс болған. Тәжіктердің көбі ауырғандар саны ресми статистикадан әлдеқайда көп деп санайды.

ДӘРІГЕРЛЕР ДИЛЛЕМАСЫ

Елде жағдай ушыққан тұста, мамырдың 5-і күні Рахмон Денсаулық сақтау министрі Насим Олимзоданы басқа жұмысқа ауыстырып, орнына Жамолиддин Абдуллозоданы тағайындады.

Ал кейбір тәуелсіз ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, билік ауруханаларға дене қызуы көтеріліп тұрса да, COVID-19 жұқтырған науқастарды үйлеріне қайтару туралы пәрмен берген.

Солтүстіктегі Худжанд қаласының Суғд аймақтық ауруханасына жақын бір дереккөздің айтуынша, аурухана басшысы Собиржан Собировтың орнынан кетуіне биліктің пәрмені себеп болған. Дереккөздің Азаттықтың Тәжік қызметіне айтуынша, билік Собировқа ДДСҰ делегациясының сапары қарсаңында COVID-19 жұқтырған науқас санын азайтуға тапсырма берген. «Бірақ Собиров дәрігер ретінде ауырып тұрған кісіні үйіне жібере алмайтынын айтып, оның орнына жұмыстан босатуды сұраған» деді аты-жөнін атамауды өтінген адам. Билік Собировтың қызметтен кетуіне қатысты түсініктеме бермеді.

Худжандтың бір тұрғыны Азаттық тілшісіне ауырып тұрған бірнеше көршісінің жақында үйлеріне жіберілгенін айтты. «Олардың әлі дене қызуы бар. [Үйлеріне] жедел жәрдем жиі келіп, тексеріп кетеді» деді аты-жөнін атамауды сұраған тұрғын.

Худжанд қаласының Суғд ауруханасы.
Худжанд қаласының Суғд ауруханасы.

Бірнеше аймақтағы аурухана қызметкері өздеріне қорғаныс құрал-жабдығының мүлде жетпейтінін айтты. Дәрігерлердің сөзінше, оңтүстіктегі 72 мың тұрғыны бар Муминобод аймағындағы бас ауруханада бір ғана жасанды тыныс алу аппаратына қарап отыр.

«Қолғап, маскамыз бар, бірақ арнайы киімнің тек сегіз данасы бар, оның өзі тым ескі, мүлде қолдануға жарамайды» деді Муминободтағы инфекциялық аурухана басшысы Раджабали Хайдаров.

Оңтүстік-батыстағы 180 мың адам тұратын Вахш аймағында да жағдай осыған ұқсас. «Тек екі жасанды тыныс алу аппараты бар. Медицина қызметкерлеріне қорғаныш құралдары жоқ, Денсаулық сақтау министрлігіне өтініш жібердік» деді қудалаудан қорқып, аты-жөнін атамауды өтінген Вахш аймағының дәрігері.

Душанбеден шалғайда, оңтүстікте жатқан Ишхошим ауданының бір тұрғыны «ауруханада тіпті қол тазалайтын спирт те жоқ» деді.

«БІЗДІ ОҢДЫРМАЙ АЛДАДЫ»

Жақында Денсаулық сақтау министрлігі Тәжікстанда 500 жасанды тыныс алу аппараты бар екенін және қосымша 100 аппарат пен коронавируспен күреске қажет басқа да медициналық құрал-жабдықты сатып алатынын хабарлаған. Кейінгі апталарда Тәжікстанға коронавируспен күрес үшін деп бірнеше халықаралық ұйымнан және шетелдерден ақшалай және заттай жәрдем келген. Оның ішінде Еуропа одағы берген 48 миллион еуро (53 миллион доллар) және Дүниежүзілік банк бөлген 11,3 миллион доллар бар.

Өкпе қабынуынан өлген адам көбейгеніне қарамастан тәжік үкіметінің «елде ешқандай коронавирус жоқ» деп, ұзақ уақыт терістеп келуі елдің билікке деген сенімін бұрынғыдан да азайтып жіберді дейді жергілікті тұрғындар.

– [Індеттің] барлық белгісі болды, адамдар өліп жатты, дәрігерлер өліп жатты. Бірақ мен «бәлкім үкіметтікі рас болар, Тәжікстанда шынымен вирус жоқ шығар» деп сеніп келдім. Үкімет медиадағы өсекке сенбе деді. Сондықтан біз алдын алу шараларын қолданбадық, вирус тарап кетті. Менің қатты көңілім қалды. Бізді оңдырмай алдады, – дейді оңтүстіктегі Кулоб аймағының тұрғыны Шохин.

Анахита есімді Душанбе тұрғыны сәуірдің 30-ы коронавирус жұқтырған алғашқы адамдар тіркелген соң Twitter парақшасында «Жұрттың көбі сияқты мен де елде өкпе қабыну дерті шынымен көп деп ойлап жүрген едім» деп жазды.

Мақаланы ағылшын тілінен аударған Мұхтар Екей

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG