Бүгін мамырдың 11-іне белсенді Абай Жүндібаевтың апелляциялық шағымы бойынша Жамбыл облыстық сотында өтетін сот процесіне келген 7-8 адамды полиция күштеп алып кетті. 15-ке жуық адам карантинге байланысты сот процесіне қатыстырылмай, ғимарат сыртында тұрған.
- 2-3 адамнан әр жерге бөлініп, топтаспай тұрдық. Аяқ астынан полиция қызметкерлері келіп, әкете бастады. Сөйтіп карантин режимін бұзуға өздері мәжбүр қылды, - дейді белсенді сотына келген зейнеткер Жанат Естаева.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәлімдемесіне қарағанда,"санитария тәртібін бұзған азаматтармен полиция бөлімшесінде әңгімелескен".
Сот процесі жүріп жатқан белсенді Абай Жүндібаев бұған дейін Қылмыстық кодекстің 130-бабының ("Жала жабу") 2-тармағы ("Көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған іс-әрекет") бойынша айыпты саналып, бір жылға шартты түрде бостандығын шектеген. Оны Бесағаш ауылдық округінің әкімі Бейбіт Нығматуллаев "жала жапты", "ар-намысыма тиді" деп сотқа берген.
Бүгін Абай Жүндібаевтың шағымы бойынша, аппеляциялық сот процесі басталды.
Қазақстанда құқық қорғаушылар, халықаралық ұйымдар мен заңгерлер "билік өкілдері Қылмыстық кодекстегі "Жала жабу" және "Қорлау" бабын өзіне жақпаған белсенділерді және журналистерге қысым көрсетуге қолданады" деп алаңдаушылық білдірген.
Осыған дейін құқық қорғаушылар мен қоғам белсенділері биліктен "Жала жабу" және "Қорлау" бабын Қылмыстық кодекстен алып тастауды сұраған. Мамырдың 6-сы күні парламент мәжілісі "Жала жабу" бабын Қылмыстық кодекстен алып, әкімшілік кодекске қосқан.
ПІКІРЛЕР