Accessibility links

Киевте Жанар Ахметті Қазақстанға экстрадицияламауды талап еткен акция өтті


Қазақстандық блогер Жанар Ахмет Киевтегі өзін Қазақстанға экстрадицияламауды талап еткен акцияда тұр. 20 мамыр 2020 жыл.

Украинада тұратын Қазақстан азаматы және босқын мәртебесін ала алмай жүрген блогер Жанара Ахмет 20 мамырда Киевтегі Мариинский сарайы алдында акция өткізіп, өзін Қазақстанға экстрадицияламауды талап етті. Акцияға Жанара Ахмет пен кішкентай ұлы және тағы бірнеше белсенді қатысты. Олардың қолында "Бізді жемқорлар экстрадицияламақ" деген жазуы бар қағаз болды.

"Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязовтің серіктесі Жанара Ахмет акция кезінде Украина Жоғарғы сотының өзін Қазақстанға экстрадициялау шешімі жайлы білгенін, бұл шешімнің саяси астары бар екенін айтты.

"Бұған дейін жеткен жетістігіміздің бәрін жоққа шығаратын, карантин уақытында шыққан шешімді кеше алдық. Қазақстан карантин шаралары кезінде кез келген сәтте мені депортациялай алады" деді ол

Акция өтіп жатқан маңда қауіпсіздік қызмет3 өкілдері жүрді. Себебі 20 мамырда Мариинский бағында Украина президенті Владимир Зеленскийдің мемлекет басшысы қызметіне кіріскеніне бір жыл толуына орай баспасөз мәслихатын өткізіп жатқан.

Құқық қорғаушы Максим Ситников акция кезінде журналистер арқылы президент Зеленскийге қайырылып, Қазақстан азаматы Жанар Ахметтің Украинадан бірнеше жыл бойы босқын мәртебесін сұрап жүргенін айтты.

19 мамырды Украина Жоғары соты Киев сотының ақпанда шығарған апелляциялық қаулысының күшін жойған.

25 ақпанда Киев Киевтің алтыншы апелляциялық әкімшілік соты Ахметтің арызын ішінара қанағаттандырып, Украина мемлекеттік көші-қон қызметінің оған босқын мәртебесін бермей қойған шешімін жойған. Киев соты көші-қон қызметіне Жанар Ахмет пен кішкентай баласына босқын мәртебесін сұраған өтінішін қайта қарауды тапсырған еді. Ал көші-қон қызметі апелляциялық сот шешімімен келіспей, Украинаның Жоғарғы сотына шағымданған. Жоғарғы сот көші-қон қызметінің шағымын қанағаттандырып, Ахметті экстрациялау туралы шешім қабылдаған.

Жанар Ахметті экстрадициялау процесі Украинада 2017 жылы қазан айында басталған. Ахметті Киевте ұстап, Қазақстанның халықаралық іздеу салуына байланысты қамауға алған. Сол жылы қарашада Украина Жоғарғы Радасының депутаты Светлана Залещуктің кепілдігімен бостандыққа шыққан. Одан бері Ахмет Украинадан босқын мәртебесін алуға бірнеше рет талпынды.

Жанар Ахмет 2009 жылы "алаяқтық жасады" деген айыппен Қазақстанда соттаған. Ахмет өзіне қарсы қозғалған істі ойдан шығарылған деп санайды. Ол түрмеден шартты жазамен босатылып, пробациялық бақылауда жүргенде, 2017 жылы наурызда, Украинаға қашқан. Ахмет Украинада жүріп әлеуметтік желіде Қазақстан басшылығы жайлы сыни постар жазды, Қазақстанда қуғындалған белсенділерді қолдау акцияларына қатысты.

Жанар Ахметті "16/12" ақпарат арнасының бас редакторы және Қазақстан билігі экстремистік ұйым деп санайтын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының мүшесі деп атайды. Бұл қозғалыстың құрған, 2009 жылдан бері шетелде тұратын бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов ҚДТ-ны "эктремистік ұйым" деп таныған Қазақстан сотының шешімімен келіспейді және саяси астары бар деп санайды. Еуропа парламенті 2019 жылы наурыздағы резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт опппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Кейінгі жылдары Қазақстаннан Украинаға бірнеше құқық қорғаушы мен оппозициялық белсенділер қашқан.

Бұған дейін бірнеше халықаралық ұйым Жанар Ахметтің жағдайына қатысты мәлімдеме жасаған. БҰҰ-ның құқық қорғаушылар ісі бойынша арнайы өкілі Ахметтің босқын мәртебесін ала алмай жүргенін құқық қорғаушылардың қорғауға мұқтаж екенін көрсетеді деген. Ал ЕҚЫҰ сөз бостандығы бойынша өкілі Арлем Дезир Украина авторитарлы мемлекеттерден бас сауғалаған журналистерді қорғай алмайды деп, Жанар Ахметтің жағдайын мысал ретінде келтірген.

Жанар Ахметті "Шекарасыз тілшілер", Қазақстанның тең құқылы журналистері федерациясы, Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро, қазақстандық "Ар. Рух. Хақ" құқық қорғау ұйымы, Украинадағы Хельскинки адам құқығын қорғау одағы, "Право на защиту" қоғамдық қоры қорғап, мәлімдеме жасаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG