Accessibility links

Алматыда белсенді Санавар Закированың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот басталды


Белсенді Санавар Закирова (сол жақта) және оның адвокаты Жанар Балғабаева сотқа қатысып отыр. Алматы, 20 мамыр 2020 жыл.

20 мамырда Алматы қаласының Медеу аудандық сотында белсенді Санавар Закированың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша онлайн режимде сот басталды. Закироваға "Нұр Отан" партиясы мүшесінің қызының "денсаулығына зиян келтірді" деген айып тағылған. Істі судья Залина Махарадзе қарап жатыр.

Алдын ала отырыс кезінде айыпталушы Закирова және оның адвокаттары Жанар Балғабаева және Бауыржан Қалиев істі прокурорға қайтару туралы бірнеше өтініш берді. Олар сонымен бірге журналистердің сотқа қатысып, фото-видео, аудио жазуға рұқсат беруді сұрады.

Ақпарат құралдарының қатысуы туралы өтініш қанағаттандырылды. Адвокаттардан "сотқа дейінгі тергеу кезіндегі процессуалдық құқықбұзушылықтарды" дәлелдейтін құжаттарды сұраған судья қалған өтініштерді ашық қалдырды.

Келесі сот отырысы 25 мамырда өтеді. Оған дейін қорғау тарабы сот талап еткен құжаттарды тапсыруы тиіс.

Бұл процеске прокурор Айдос Садыбеков және жәбірленуші Д.Ш. қатысып жатыр.

Санавар Закироваға "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру" бабы (Қылмыстық кодекстің 107-бабы, 2-бөлігі) бойынша айып тағылған. Ол ешқайда кетпеу туралы қолхат берген.

Айыптау тарабының айтуынша, 51 жастағы Санавар Закирова 8 наурызда "бұзақы ниетпен "Нұр Отан" партиясы мүшесінің қызы - 39 жастағы Д.Ш. денсаулығына зиян келтірген". "Нұр Отан" мүшесі Т.Ш. бұл іс бойынша куә ретінде танылған.

Партияның аталған мүшесі және тағы бірнеше адамның шағымы бойынша былтыр қараша айында Жетісу аудандық соты белсенділер Санавар Закирова, Әлнұр Ильяшев, Марат Тұрымбетовтен моральдық өтемақы ретінде 6 млн теңге өндіріп беру туралы қаулы шығарған. "Нұр Отан" партиясының мүшелері ол іс бойынша жәбірленуші ретінде танылды.

Бірнеше күннен соң Закирова өтемақы өтеу үшін астанада мешіт алдында "Қайыр садақа" сұрап, акция өткізген.

Оқи отырыңыз: "Назарбаевтың партиясына ақша беріңізші". Белсенділер мешітте садақа сұрады

Белсендіні полиция ұстап әкетіп, "Қоғамдық орынның шырқын бұзды" (Әкімшілік кодекстің 449-бабы) деп айыптап, 12 мың теңге көлемінде айыппұл салған. Қаңтар айында Алматы қаласының апелляциялық соты белсендінің шағымын қанағаттандырмай, шешімді өзгеріссіз қалдырды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG