Accessibility links

Қазақстанда 1 маусымнан бастап блокбекеттер алынады


Алматыдағы базарлардың бірінде адамдарды бір-бірлеп жіберіп жатқан полиция қызметкерлері. 25 сәуір 2020 жыл.
Алматыдағы базарлардың бірінде адамдарды бір-бірлеп жіберіп жатқан полиция қызметкерлері. 25 сәуір 2020 жыл.

Қазақстанда 1 маусымнан бастап қалааралық блокбекеттер алынады. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты көлік комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Тайжанов хабарлады. Оның айтуынша, блокбекеттер алынғаннан кейін азаматтар жеке көліктерімен де қала мен облыс арасында жүре алады.

Тайжановтың сөзіне қарағанда 5 маусымнан бастап, қалааралық автобустар да жүре бастайды. Жолаушыларды тасымалдау бойынша жасалған арнайы алгоритмге сәйкес, соңғы аялдамаларда автобустарды дезинфекциялау, салонға тек маскамен кіргізу, жолаушылар арасында кемінде бір метрлік арақашықтықты сақтау, жүргізушілерді маска, қолғаппен қамтамасыз ету сияқты шаралар қарастырылған.

1 маусымнан бастап Қазақстанда жолаушылар пойызы да біртіндеп жүре бастайды. Пойыздар әуелі ішкі бағыттар бойынша жолаушы тасымалдайды. Жолаушылар темір жол вокзалдарына маска тағып кіруі тиіс.

Бұған дейін ішкі бағыттар бойынша әуе қатынасы қалпына келген еді. 29 мамырда индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлік өкілдері халықаралық әуе тасымалдауды қалпына келтіру мәселесін қарастырып жатқанын, бастапқы кезеңде "індеттің беті қайтқан" Қытай, Оңтүстік Корея және Әзербайжан сияқты елдермен әуе тасымалы қалпына келеді деп мәлімдеген.

Қазақстанда наурыз айында коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланып, қалалар мен облыстарда карантин жарияланған болатын, әуе және пойыз қатынасы тоқтаған еді. Қалалар мен облыстарда блокбекеттер қойылған. Елде төтенше жағдай 11 мамырда аяқталғанмен карантин шаралары сақталып қалды.

Дегенмен Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны азаймай отыр. Соңғы мәлімет бойынша, науқастар саны 10 мыңға жуықтаған. Бұл бастапқы кезде айтылған ресми болжамнан бірнеше есе көп. 37 адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG