Accessibility links

ТЖ кезінде журналистің үстінен қозғалған іс "қылмыс құрамы" болмағандықтан тоқтатылды


Блокбекеттердің бірі. Мамыр айы, 2020 жыл.
Блокбекеттердің бірі. Мамыр айы, 2020 жыл.

30 мамырда Шымкенттің Абай аудандық полиция басқармасы журналист, фрилансер Зәуре Мирзаходжаеваның үстінен «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабымен (Қылмыстық кодекстің 274-бабы) қозғалған қылмыстық істі тоқтатты. Бұл туралы сенбі күні журналист хабарлады.

Зәуре Мирзаходжаева тергеу амалдары басталған кезде тергеуге қатысты ақпаратты таратпау туралы қолхат жазған. Сондықтан іс бойынша толық ақпарат бере алмайды. 30 мамыр күні Facebook-тағы парақшасында тергеушінің қаулысынан үзінді келтірген журналист "қылмыстық құрам болмағандықтан істің тоқтағанын" жазды. Ондағы ақпаратқа сәйкес, полицияға арызды Шымкенттегі мемлекеттік органдардың бірі түсірген. Бұған дейін журналистің үйінде тінту жүргізіліп, ноутбугы мен ұялы телефоны тәркіленген. Жақында журналиске заттарын қайтарған.

- Тергеу 1,5 айға созылды. Мен бар болғаны кәсіби міндетімді атқардым. Қоғамға зиян келтіретін жағдай болған соң жазба жарияладым. Қолымда барлық дәлелдерім болды, - деді сенбі күні журналист Азаттыққа.

Шымкент қалалық полиция басқармасы Азаттыққа журналистке қатысты қылмыстық істің тоқтатуылуына байланысты қандай да бір ақпарат алу үшін сұраныс хат жіберуді сұрады.

Сәуір айында коронавирусқа байланысты елде төтенше жағдай режимі күшінде болған кезде өзге бірқатар белсенділермен қатар шымкенттік журналист Зәуре Мирзаходжаеваның да үстінен қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған еді. Сотқа дейінгі тергеу ісіне қорғалуға құқығы бар куәгер статусында қатысқан журналист бұған дейін өзін тергеуші "іс материалдарын жарияламау" туралы қолхат беруге мәжбүрлеп көндіргенін айтқан.

Оқи отырыңыз: "Тергеу құпиясын жарияламау" жайлы қолхат қысым құралы ма?

Ол төтенше жағдай кезінде әлеуметтік желідегі парақшасында бірнеше пост жариялаған. Олардың арасында төтенше жағдайға байланысты белсенді Руслан Жанпейісов (шын аты – Бейбарыс Райымбеков) пен оның серіктерінің сотталуы, ауруханалардағы қорғаныш заттар тапшылығы, блокбекеттердің жұмысы, карантин талаптарының сақталмауы туралы жазбалар да болған.

Сәуір айында қазақстандық және халықаралық құқық қорғаушылар билік төтенше жағдай кезіндегі шектеу шараларын пікірін ашық айтып жүрген белсенділер мен сыни мақала жазған журналистерді қуғындаудың құралы ретінде пайдалануы мүмкін екенін айтып, мәселеге алаңдаған болатын.

Оқи отырыңыз: Коронавирус пандемиясы кезінде қазақстандық белсенділерге қысым күшейді

Бұған дейін "Төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша күдікке ілінген ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бұрынғы мүшесі Арман Шораевтың ісі тоқтаған. Сәуір айының ортасында "жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген белсенді Әлнұр Ильяшев әлі тергеу изоляторында қамауда отыр. Ол желіде "Нұр Отан" партиясын сынайтын жазбалар жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG