31 мамырда Шымкентте «Қасірет» мемориалына жиналған он шақты белсенді саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып, құран оқыды. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.
Белсенділер келместен бұрын мемориалдың алдын оннан аса полиция күзетіп тұрды. Сағат 12:00-де мемориалға келген белсенділерді полиция қызметкерлері видеоға түсіре бастағанда олар қарсылық танытты.
«Міне, репрессия тағы қайталанып жатыр. Жиналған белсенділерді аңдып, полицияны күзетке қойып, камераға түсіріп тіркеп жатыр. Одан да атып тастай салсаңдаршы» деді ашуланған белсенді Данияр Байтілеу. Белсенді Мұрат Аштаев полиция қызметкерлеріне қарата «Мыналарыңыз не? Мазақ ету ғой бұл» деді.
Белсенділер мен полицейлер және әкімдік қызметкерлері мемориалға кіріп, құран оқытуға бет алғанда Қаратау ауданының имамы Дастан Желеуов те келді. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары жерленген бейіт пен онда қойылған мемориал басына барып құран бағыштады.
- Қазақстанда қуғын-сүргіннен бөлек қолдан жасалған ашаршылықтың себептерін ашып айтпай жатыр. Колхоздастыру кезінде қазақ малынан айырылды. Мысалы, әжем өліп қалған аңның терісін суға салып, быламық етіп жеп аман қалғанын айтатын. Бәріміз де сол күндерді көрген адамдардың ұрпағымыз, - деді Данияр Байтілеу.
Ал белсенді Ерғали Құлбаев Қазақстан тәуелсіздік алса да "саяси қуғынның" жалғасып жатқанын айтып, соңғы бірнеше ай ішінде қайтыс болған белсенділер Дулат Ағаділ, Аманбике Хайрулла, Серік Оразовтың атын атап, олардың өліміне себепші болған адамдар аталмай жатыр деді. Олардың кім екенін анықтап, жауапқа тарту керек.
Белсенділер пікір айта бастаған кезде имам Дастан Желеуов «Қасірет» мемориалы зират болып саналатынын, әруақтарды мазалауға болмайтынын айтып ескертті.
Белсенділер кейіннен келген белсенділермен бірге тағы құран оқып, ой бөліскеннен соң тарады.
ПІКІРЛЕР