Accessibility links

Адвокат Нұрпейісов полицияның қысым жасағанын айтады. Полицей жоққа шығарады


Адвокат Ғалым Нұрпейісов Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасынан шыққан сәт. Нұр-Сұлтан, 28 мамыр 2020 жыл.
Адвокат Ғалым Нұрпейісов Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасынан шыққан сәт. Нұр-Сұлтан, 28 мамыр 2020 жыл.

Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында көз жұмған белсенді Дулат Ағаділ отбасының құқығын қорға жүрген адвокат Ғалым Нұрпейісов Нұр-Сұлтан полициясы психологиялық қысым көрсеткенін айтады. Сөзінше, 1 маусым күні өзін "Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіненмін" деп таныстырған адам адвокаттың Есіл аудандық соты "экстремистік" деп тапқан "Көше партиясы" чатында тұрғанын айтып, ескерту жасаған. Қорғаушы полицияның бұл әрекетін психологиялық қысым деп қабылдағанын айтты.

Нұрпейісов "Көше партиясының" чатында тұрғанын жоққа шығармайды.

- 27 мамырда мен Есіл аудандық соты "экстремистік" деп таныған "Көше партиясы" тіркелмеген қозғалысының бастамашыл тобы берген сенім хат негізінде олардың құқығын қорғауға кірістім. Өздерінің ортақ көзқарастары арқылы біріккен бұл топтың атынан апелляциялық шағым түсірдім. Сондықтан менің адвокат екенімді полиция өкілінің білмеуі мүмкін емес. Оның үстіне менен "сіз адвокат Ғалым Құрманжанұлы Нұрпейісовсіз бе?" деп сұрады, - дейді ол.

Азаттық тілшісі Нұрпейісовке хабарласқан полиция капитаны Бекмұрат Мырзақұлов екенін анықтап, оған қоңырау шалған еді. Ол адвокатпен байланысқанын растап, тек тапсырманы орындағанын айтты.

- Ешқандай заң бұзушылық әрекет жасағаным жоқ, психологиялық қысым, дөрекелік көрсеткенім жоқ. Арнайы берілген тапсырманы орындадым. Мен ол кісінің адвокат екенін білгенім жоқ, тек ескерту жасадым да қоштасып телефон тұтқасын қойдым,- деді ол.

Ғалым Нұрпейісов Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында көз жұмған белсенді Дулат Ағаділдің отбасына адвокаттық қызмет көрсетіп жүр. Ол бұған дейін Қазақстанда экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына (шетте тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың қозғалысын Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған) қатысы бар деген адамдардың да құқығын қорғаған.

Қазақстанда билікке қарсылық білдірген топ пен ұйымдардың құқығын қорғаған адвокаттарға қысым көрсету фактілері бұған дейін де болған. Олардың арасында билікке қарсы наразылық акцияларына қатысқаны үшін айыпталып, сотқа тартылғандар мен танымал кәсіподақ жетекшілерін қорғаған адвокат Төлеген Шайықов бар. Белгілі адвокат Джохар Өтебеков мен Юрий Дюжиков те кәсіби қызметіне байланысты қысым көргенін мәлімдеген.

"Қадір-қасиет" құқық қорғау ұйымының былтырғы дерегіне сай, Қазақстанда кейінгі сегіз жылда 76 адвокаттың өміріне түрлі қауіп-қатер төнген. Үш жыл бұрын билік "Адвокаттар туралы заңға" өзгеріс енгізіп, іс кезінде олардан куәгер ретінде жауап алуға мұрсат берген. Қорғаушылар мұны "тәуелсіз адвокаттарды жуасыту тәсілі" деп атаған. Билік адвокаттарға қысым жасалатынын жоққа шығарады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG