Accessibility links

Нұр-Сұлтанда мейрамхана иелері ірі банкет залдарын ашуды талап етті


Кәсіпкер Аслан Жақыпов. Нұр-Сұлтандағы наразылық акциясы кезінде шектеудің бизнеске әсері туралы айтып жатыр. 3 маусым 2020 жыл.
Кәсіпкер Аслан Жақыпов. Нұр-Сұлтандағы наразылық акциясы кезінде шектеудің бизнеске әсері туралы айтып жатыр. 3 маусым 2020 жыл.

3 мамырда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің алдында ірі мейрамхана, тойхана иелері мен жұмысшылар наразылық өткізіп, ірі банкет залдарын ашуды талап етті, рестораторларға 50-ден астам адам қабылдауға рұқсат беруді сұрады. Олар базарлар мен сауда орындары ашылған шақта ірі ресторандарды ашуға рұқсат бермей отырған билікке наразы.

Коронавирусқа байланысты шамамен 2,5 ай карантинде болып, соңғы кезде шектеу шараларының басым бөлігі алынған астанада қоғамдық тамақтану орындарына 30-дан артық адам қабылдауға тыйым салынған. Соның кесірінен кәсіпкерлер шығынға батқан.

Мейрамхана иелері мен жұмысшыларының наразылығы. Нұр-Сұлтан, 3 маусым 2020 жыл.
Мейрамхана иелері мен жұмысшыларының наразылығы. Нұр-Сұлтан, 3 маусым 2020 жыл.

- 15 наурыздан бері жабықпыз. Егер бір мейрамханада кемінде бірнеше адам істесе, қалада кемінде ондаған адам жұмыссыз қалып отыр. Ондаған отбасы - табыссыз. Көбінің әлеуметтік жағдайы төмен. Көбінің несиесі бар. Бізге карантин кезінде несие төлеу мерзімін үш айға шегерді. Енді шілде айында несие төлейтін уақыт келеді. Біз несиемізді қалай төйлейміз? Санитарлық талаптарды сақтауға дайынбыз, бізге жұмыс істеуге рұқсат берсін, - деді кәсіпкер Аслан Жақыпов.

Наразылар арасында музыкант-тамадалар, ресторан мен банкет залдарының қызметкерлері де бар.

- Жұмыссыз жүргеніме үш ай болды. 100 мың теңге мөлшеріндегі пәтерақымды төлеген жоқпын. Маған 300 мың теңгені санитар дәрігер бере ме? - дейді мейрамхана үйлестірушісі Ерлан Есенмұратов.

Наразылар көп адам жиналса, полиция ұстап кете ма деп қорыққандарын да айтады.

Сәлден соң қалалық әкімдіктен сауда және қызмет көрсету саласын дамыту бөлім жетекшісі Руслан Ыдырысов шықты. Ол кәсіпкерлерге "өтініштеріңізді жазбаша қалдырыңыздар, дүйсенбіге дейін қараймыз, санитарлық дәрігермен ақылдасып, бір амалын табармыз" деді.

Бұдан соң наразылармен сөйлесуге қалалық тауар және қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті жетекшісінің орынбасары Айгүл Шағалтаева шықты. Ол қоғамдық тамақтану орындарына 30-дан артық адамның жиналуына рұқсат бермеу себебін түсіндірді.

Шағалтаеваның айтуынша, кішігірім тамақтану орындарында адамдар тойхана, банкет залдарындағыдай ұзақ отырмайды. Науқастар өсімі астанада азаймай отырғандықтан мұндай орындарды ашу вирустың тарау жылдамдығын арттыруы мүмкін.

Наразылар департамент өкілі мен әкімдік өкілдеріне өздерінің талаптары мен ұсыныстары жазылған хатты тапсырып, хатқа жауап күтетіндерін айтты.

Кәсіпкерлердің айтуынша, қалада 100 шақты ірі банкет зал бар. Онда шамамен бірнеше мың адам жұмыс істейді.

Вирус жұқтырғандар саны жағынан республикада Алматыдан кейін екінші орында тұрған Нұр-Сұлтанда соңғы мәлімет бойынша, 2289 адамнан коронавирус табылған. 7 адам қайтыс болған. 1170 адам жазылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG