Accessibility links

ОПЕК+ мұнай өндіру көлемін азайту туралы келісімді тағы бір айға созды


Татарстандағы мұнай кеніштерінің бірі. Ресей, 23 сәуір 2020 жыл.
Татарстандағы мұнай кеніштерінің бірі. Ресей, 23 сәуір 2020 жыл.

ОПЕК мүшелері және өзге де бірқатар өндірушілер 6 маусымда мұнай өндіруді рекордтық көлемде азайту туралы келісімді тағы бір айға ұзартуға уағдаласты. Шикізат өндіруді азайту коронавирус кесірінен туындаған экономикалық дағдарыс кезінде мұнай нарығын тұрақтандыруға бағытталған.

Сауд Арабия бастаған құрамында 13 мүшесі бар картель және өзге өндірушілер (олардың арасында Ресей мен Қазақстан да бар) шілде айында мұнай өндіру көлемін тәулігіне 9,6 млн баллельге дейін азайту туралы келісімге қол қойды. Қазақстанның экономика министрлігі "келісімді бір айға ұзарту туралы шешімді" қолдадық деп мәлімдеді.

Сәуір айында ОПЕК және ОПЕК+ тобы мамырдан бастап маусымның соңына дейін мұнай өндіру көлемін тәулігіне 9,7 млн баррельге дейін азайтуға келіскен болатын. Ал шілде мен желтоқсан айында біртіндеп азайып, ақыры 7,6 млн баррельге дейін қысқартылуы тиіс.

Карантин шаралары жұмсарған шақта мұнай бағасы қалпына келе бастады. Халықаралық экономиканың қарқыны бәсеңдеп, ұсыныс молайған шақта мұнай нарығы құлдыраған еді. Сауд Арабиясы мен Ресей арасындағы "баға соғысы" да АҚШ-тағы тақтатас мұнай өндірушілеріне кері әсер еткен.

Жаңа келісім өзге өндірушілерге қысым жасауға мәжбүр Сауд Арабиясы мен Ресей үшін жеңіс саналады. Олар табыстан қағылып, бюджет тапшылығы өсе ме деп қауіптенген.

Сәуір айында мұнай бағасының құлдырауынан шошынғанын айтқан Сауд Арабиясының мұнай министрі Абдуләзіз бин Салман "бәрі қолда бар нәрсені сақтап қалу үшін құрбандыққа барды" деп мәлімдеді. "Қорқыныштың бәрі артта қалды деп айтуға болатындай үміт бар" деді.

Ресейдің энергетика министрі Александр Новак та сәуір айын халықаралық мұнай нарығы үшін есте қалатын "ең нашар ай" деп атаған. Ол нарықтағы жағдай әлі тұрақталған жоқ, қолдауға зәру деді.

Сәуір айында мұнай бағасының құлдырауы АҚШ үкіметін ОПЕК келіссөздеріне қатысуға итермеледі, ол ұйым мүшелерін мұнай көлемін азайтуға көндіруге тырысты.

5 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп келісімге қол жеткізудегі Вашингтонның рөлін атап өткен. Бұл келісім шығыны көп, қарызы бастан асатын тақтатас мұнай өндіретін америкалық өндірушілерді қорғауға көмектескен.

"Жұрт бұл мүмкін емес деді, бірақ біз Сауд Арабиясы, Ресей және өзгелерді мұнай көлемін елеулі түрде азайтуға мәжбүрледік" деді Трамп.

АҚШ-тың энергетика министрі Дэн Бруиллетт 6 маусымда ОПЕК+ келісімінің ұзартылуын жылы қарсы алып, өндірушілер "маңызды келісім жасасты" деді. Бұл келісім "мұнайға сұраныс қалпына түсіп, экономика сауығып жатқан шешуші кезеңде күшіне енеді" деп мәлімдеді.

Келісімнің ұзартылуына қарамастан, мұнай нарығының болашағы әзірге бұлыңғыр, себебі ғаламдық рецессияның қашанға дейін созылатыны белгісіз.

Оқи отырыңыз: COVID-19 Қазақстан экономикасына соққы боп тиді

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG