Өткен тәулікте елде коронавирус ауру белгісі бар 215 адамнан және ауру белгісі жоқ 339 адамнан анықталған. 361 адам жазылып, 2 адам қайтыс болған.
Вирус жұқтырғандардың 70 пайызы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына және Қарағанды облысында анықталған. Ең төменгі көрсеткіш Ақмола (1) мен Солтүстік Қазақстан (3), Қостанай (5) және Маңғыстау (5) облыстарында.
Қазақстан билігі 3 маусымнан коронавирус жұққаны анықталған, бірақ ауру белгісі жоқ адамдарды ресми статистикаға енгізбейтін болды.
Билік індет белгісі бар адамдардың саны мен індет белгісі жоқ адамдардың санын екі бөлек хабарлап жатыр. Бірінші хабарламада "ауырғандар" дерегі келтіріледі. Олардың қазіргі жалпы саны – 13074. Екінші хабарламада "тасымалдаушылар" дерегі келтіріледі. Олардың жиынтығы – 1696. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Джонс Хопкинс университеті тек бірінші хабарламаға сүйеніп мәлімет таратып отыр.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар алғаш рет 13 наурызда тіркелген. COVID-19 осы күнге дейін 14770 адамнан анықталып, оның 7737-і жазылған, 58-сі қайтыс болған. 4 маусымда билік коронавируспен қайтыс болған қосымша 37 адамның барын айтты. Оларды коронавирус салдарынан қайтыс болғандар тізіміне алмауының себебін билік "коронавирус бұл адамдарда ілеспе ауру болған, олар өзге себептен қайтыс болды" деп түсіндіреді.
ПІКІРЛЕР