Accessibility links

Билікті сынап жүрген белсенді Нұрбол Өнерхан әскери медициналық тексеруден өтіп жатыр


Азаматтық белсенді Нұрбол Өнерхан.
Азаматтық белсенді Нұрбол Өнерхан.

"Митингіге шақырғаны" үшін қамалып, жұмыстан шығарылған, кейінірек әскерге шақырылған петропавлдық белсенді Нұрбол Өнерханды жақында әскери медициналық тексеріске алып кеткені белгілі болған еді. Белсендінің бауыры Ербол Өнерхан 18 маусымда інісіне телефон шалған кезде ол "Медкомиссиядан өтіп жатырмын. Ертең белгілі болады" деп жауап берген.

Ақпарат бойынша, полиция белсендіні 15 маусымда үйінен алып кетіп, қорғаныс істері жөніндегі аудандық бөлімшеге апарған. Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұған дейін Азаттық тілшісіне оны "қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бұйрығына" сәйкес шақырғанын айтқан еді.

Азаттық тілшісі белсендінің жағдайын білу үшін 18 маусымда облыстық қорғаныс ісі жөніндегі басқармаға хабарласып көрді. Басқарманың баспасөз хатшысы «Хат жазыңыз, біз хатты қорғаныс министрлігіне және ақпарат және коммуникация департаментіне жібереміз. Олар қарастырады, кейін жауабын береміз» деді.

Осы апта басында Ғабит Мүсірепов ауданының қорғаныс істер жөніндегі бөлім өкілдері Өнерханды "облыстық медициналық комиссияға жібергенін" айтқан еді.

Маусымның 14-і күні Facebook-та жарияланған видеода Нұрбол Өнерхан бұған дейін медициналық комиссияның жүрегінде проблемалары барын растағанын, алайда тексеріс нәтижесін қолына бермегенін айтқан.

Бұған дейін құқық қорғаушылар Нұрбол Өнерханды жұмыстан қуып, әскерге шақыруды оған «қысым жасау амалы» деп атаған болатын. Әлеуметтік желі қолданушылары белсендіні әскерге шақыруға қарсылық танытып, оны қолдап, видеолар жариялап жатыр.

Нұрбол Өнерхан - пікірін ашық айтып, билікті сынағаннан кейін әскерге шақырылған алғашқы белсенді емес.

Қарай отырыңыз: "Митингіге үндеген" мұғалім жұмыссыз қалып, әскерге шақырылды (Ақпан айы, 2020 жыл).

"Митингіге үндеген" мұғалім жұмыссыз қалып, әскерге шақырылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:19 0:00

Былтыр маусым айында Әлімжан Ізбасаров әскерге шақырылды. 1 мамыр күнгі бейбіт митингіге қатысқаны үшін 15 күнге қамалған белсенді одан соң әскерге алынған. Биыл сәуір айында Ізбасаровтың "депрессияға түсіп" психиатриялық клиникаға түскені хабарланды. Кейінірек үйіне келгені белгілі болды.

Былтыр сәуір айында әділ сайлауды талап етіп, акция өткізген алматылық белсенді Бейбарыс Толымбеков те көп ұзамай әскерге шақырылған. Биыл мамыр айында үйіне оралды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG