Accessibility links

Әлімжан Ізбасаров: Ұзақ уақыт өзгермеген билік тозады


Азаматтық белсенді Әлімжан Ізбасаров. Нұр-Сұлтан, 5 маусым 2020 жыл.

Армиядан мерзімінен бұрын үйіне оралған азаматтық белсенді Әлімжан Ізбасаров Азаттыққа берген сұхбатында әскердегі көргені, елдегі қазіргі жағдай туралы айтты. Былтыр көктемде биліктен әділдікті талап етіп, шеруге шыққан соң әкімшілік жауапқа тартылған белсендіні кейін тосыннан армияға алып кеткен еді.

23 жастағы Әлімжан Ізбасаров 2019 жылы көктемде Қазақстанда биліктен елдегі әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарға мемлекеттің жәрдем беруін, сонымен бірге азаматтық құқықтар мен бостандықтарды шектемеуді талап еткен шерулерден кейін көпшілікке танылған. Шеруге шыққандар Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың кенет президенттік өкілетін тоқтатып, орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты президент етіп қалдырғанына, Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның парламент сенатының төрағасы болып сайланғанына наразылық білдірген. Бұған қоса олар мемлекет астанасын Нұр-Сұлтан деп атауға да қарсы болған. Былтыр мамырдың басында Нұр-Сұлтанда "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!" деп айқайлаған азаматтармен бірге шеруге қатысқан Ізбасаровты әкімшілік сот 15 тәулікке қамаған. Жазасын өтеп шыққан соң әскер қатарына шақырды. Белсенді мұны "саяси көзқарасыма бола қудалау" деп атады. 2019 жылы маусымның 5-і күні Әлімжан Ізбасаровты армияға алып кеткен еді. Ол Тараздағы әскери бөлімде қызмет атқарды.

2020 жылы сәуірде туыстары әскери борышын өтеп жатқан Ізбасаров "көрсетілген қысым салдарынан күйзеліске ұшырап, психиатриялық диспансерге түсіп қалды" деп хабарлаған. Азаттық тілшісі жақында әскер қатарынан үйіне оралған Әлімжан Ізбасаровпен сұхбаттасты.

"АРМИЯДА КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ КӨП"

Азаттық: Әлімжан, туыстарыңыз әскерде сізге "қысым жасалғаны, күйзеліске түсіп, ауруханаға жатқызылғаныңыз" туралы мәлімдеген еді. Армиядағы өміріңіз жайлы айтып берсеңіз?

Әлімжан Ізбасаров: Әскердегі алғашқы күннен-ақ ұлттық гвардиядағы лауазымды тұлғалар, офицерлер мен сержанттар, күштік құрылымдардың мені назарға алғанын сездім. Олар мені әскери институтқа түсіп, әскери адам бол деп үгіттеді. Ондағы мақсаты - белсенділігімнен бас тартуға көндіру еді. Бірақ оларға әскерилердің саясатқа араласуы дұрыс емес екенін бірнеше рет айттым. Мұнан соң өзіммен бірге әскери борышын өтеп жатқандарды, командирлерімді маған қарсы қоймақ болды, оларға қысым көрсетті. Ол туралы анам әлеуметтік желіде жазды да. Кейін анам жалдаған адвокатымның өтініші бойынша қылмыстық іс қозғалды. Менен "ақпарат таратпау" туралы қолхат алғандықтан оның бүге-шігесін айта алмаймын. Ең бастысы – қызметімді аяқтап, үйіме оралдым. Тараздағы психологиялық денсаулық орталығында емделіп шыққан соң дәрігерлер сауыққанымды айтты. Әскери дәрігерлік комиссияның шешімімен мені 3-4 күнге ерте босатты.

Азаттық: Әскердегі қызмет сізге қалай әсер етті? Өзіңізбен бірге қызмет атқарған жастар, олардың елдегі жағдайға көзқарасы, армияның қазіргі ахуалы туралы не айтасыз?

Әлімжан Ізбасаров: Армия маған қатты әсер етті. Қалай болғанда да әскердегі бүкіл уақытым зая кетті деуге болмайды. Ондағы өмірді ішінен көріп, көп нәрсеге көзім жетті. Әскерде әлімжеттік, ұрып-соғу болған жоқ. Өйткені қалт еткеніңді әскери полиция бақылап отырады. Бірақ көп проблема қаржының аздығына тіреледі. Жалпы әскери жүйеде көзбояушылық көп.

Шын мәнінде олай болмаса ма, "Хабардан" немесе басқа телернадан әдемі қылып көрсетеді. Әскерге түскен алғашқы күннен командирлерім мен басшыларға өзімнің бір жыл қызметімді өтеп, үйге оралу үшін келгенімді бірден мәлімдедім. Ал әскерде бірге қызмет атқарғандармен саясат жайлы өте сирек сөйлесетінбіз, өйткені олардың көбіне ол тақырып қызық емес. Онда негізінен армияға әскери билет алу үшін барған 18-20 жастағы жастар болды. Сондықтан олар мені қолдады немесе жақтырмады демес едім. Көбіне бейжай қарайтын. Олардың бәрі әскери қызметті тезірек аяқтап, үйіне қайтуды ойлайтын.

Азаттық: Көзбояушылық дегенде нені меңзедіңіз?

Әлімжан Ізбасаров: Мысалы, түрлі әскери фильмдерде я парадтарда немесе телеарнадан Қазақстан армиясын құдды НАТО немесе АҚШ деңгейіндегідей етіп көрсетуге тырысады. Бәрін ішінен көріп, біліп отырғанда бұл енді тым күлкілі нәрсе. Бірде бізге бас қолбасшының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов келді. Мен одан "Генерал-майор мырза, неге біз 40-50 жылдардағы құтыны асынып жүрміз, ол мұражай экспонаты ғой?" деп сұрадым. Ол маған: "Сендер тасып жүрген 40-жылдардағы бұл құты біздің Ұлы Отан соғысындағы жеңісіміздің символы. Сендер "бізге дұрыс құты бермейді" деп шағымданудың орнына, қайта оны мақтан тұтуға тиіссіңдер" деп жауап берді. Сәлден соң сабасына түсіп, шын мәнінде қаржы жетіспейтінін айтты.

Әлімжан Ізбасаров өзіне қозғалған іске наразылық ретінде сот залында жерге отырып алған. Нұр-Сұлтан, 4 мамыр 2019 жыл.
Әлімжан Ізбасаров өзіне қозғалған іске наразылық ретінде сот залында жерге отырып алған. Нұр-Сұлтан, 4 мамыр 2019 жыл.

Армияның маған жақсы әсер қалдырғаны – өз ісіне берілген әрі қызметін адал атқаратын офицерлер мен сержанттарды да жақын таныдым. Олар қатардағы сарбаздарға жақсы қарады, әскери қызметтің ауыртпалығына мойымауына көмектесетін. Әскерилердің табысы көп емес екені де белгілі. Олар өз патриотизмінің арқасында сол салада қызмет атқарып жүр. Соның бәрін көзіммен көрдім, сондай адамдармен бірге қызмет атқарғанымды мақтан тұтамын.

"БІЗГЕ ӨЗГЕРІС КЕРЕК"

Азаттық: Кейінгі бір жыл ішінде Қазақстандағы жағдай туралы көзқарасыңыз өзгерді ме? Қоғамда, билікте қандай өзгеріс байқадыңыз? Оған қандай баға бересіз?

Әлімжан Ізбасаров: Прогресс бары және ол үнемі ілгері жылжып бара жатқаны сөзсіз байқалады. Егер бұрын жастар жағы митингіге шығуға бола ма, жоқ па деп сақтықпен қараса, қазір адамдарда қорқыныш сейілген. Әлеуметтік желідегі қоғамдық пікір де өзгерген. Егер бұрын пікірін айтатындар анда-санда бір көрінсе, қазір өз ойын айтпайтын адам некен-саяқ. Мені сол қуантады. Пікірлер де әртүрлі: біреу билікті жақтайды, енді біреу басқа күштерді қолдайды, бірақ белсенділік ерекше артып бара жатқанын байқадым. Бұрын құқық қорғаушыларды, оппозиционерлер не журналистерді қоспағанда жергілікті жерлерде өзім сияқты белсенділер санаулы ғана болса, қазір оларды санап тауыса алмайсың және қатары күнде көбейіп жатыр.

Азаттық: Былтырғы наразылықтардан соң, көп жылдан бері алғаш рет бейбіт митингілер туралы жаңа заң қабылданды. Саяси партиялар мен сайлау заңдарына өзгерістер енгізілді. Ол не туралы пікіріңіз қандай?

Әлімжан Ізбасаров: Әскерде жүргенде менен: "Митингінің мәні неде, одан бірдеңе өзгере ме?" деп жиі сұрайтын. Мен бәріне бір ғана жауап беретінмін: Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы бағдарламасын оқыдыңыз ба? Мен оны басынан аяғына дейін оқып, тіпті жаттап алдым. Бұл бағдарламада айтылғандардың бәрі сол митинг, шерулердің жемісі. Көп балалы аналарға әлеуметтік жәрдем, мұғалімдер жалақысы, ішкі істер министрлігіндегі реформалар - мұның бәрі көшеге шыққандар мен интернетте отырғандардың талабы. Бәрі ойлағандай болды дей алмаймын, бірақ қандай да бір нәтиже бар, оны жыл ішіндегі үлкен жетістік деп санаймын.

Әлімжан Ізбасаров әскерге шақырту алған сәт. 2019 жылдың мамыры.
Әлімжан Ізбасаров әскерге шақырту алған сәт. 2019 жылдың мамыры.

Митинг туралы жаңа заңды әскерде жүріп оқыдым. Негізгі тармақтары сол күйі өзгермеген: билік кез келген сәтте [митингіге рұқсат] бермей қоюы я тыйып тастауы мүмкін. Кілтипан тұсы өте көп. Заңды жетілдіру керек деген пікірмен келісемін. Бірақ бұл заң адамдарды тоқтата алмайды деп ойлаймын. Адамдар ой-пікірін айтуға бәрібір шыға береді, өйткені Конституцияда оларға пікір, көзқарасын білдіру үшін қарусыз, бейбіт түрде жиналуына кепілдік берілген.

Азаттық: Болашақта немен айналыспақшысыз? Әскерге дейінгі ұстаным, көзқарасыңыз өзгерді ме?

Әлімжан Ізбасаров: Алдымен коммерциямен айналысып, жұмыс істесем деген жоспарым бар. Әскерде айына 3315 теңге жалақы алдым. Ал негізгі азаматтық көзқарасым өзгерген жоқ – бізге өзгеріс керек деп санаймын. Билікті бәрібір бейбіт жолмен өзгерту керек. Өйткені билікте ұзақ отыру түбінде азып-тозуға әкеледі, оны көріп те отырмыз. Ал азаматтық ұстанымымды білдіргенде, мұқтаж адамға көмектескенде сабырлы, байыпты болу, әр істе, әр жағдайда сараптап барып пікір айту керегін түсіндім. Яғни әскерде жүргенде көзқарасым одан әрі беки түсті. Ешқандай партияға, ұйымға, қозғалысқа қосылмай, тек өз көзқарасымды бүкпесіз айтуды жалғастырамын.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG