Accessibility links

Тағы антирекорд: 1252 адамнан коронавирус табылды, 8 адам қайтыс болды


Коронавирусты анықтайтын мобильді орталық. Алматы, 17 маусым 2020 жыл.
Коронавирусты анықтайтын мобильді орталық. Алматы, 17 маусым 2020 жыл.

Өткен тәулікте Қазақстанда 1252 адамнан коронавирус анықталды. Оның ішінде ауру белгілері бары – 474, симптомы жоғы – 778. Бұл бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш.

Өткен тәулікте коронавирустан 237 адам жазылып, 8 адам қайтыс болды.

Билік вирус жұқтырғандардың жалпы саны 16 351 деп отыр. Оған ауру симптомы жоқ адамдар кірмеген. "Ауырғандар" мен "тасымалдаушыларды" қоса санағанда вирусты 23 960 адам жұқтырған.

Қазақстан билігі 3 маусымнан бері коронавирус жұқтырғандарды ауру белгісінің бар-жоғына қарай екі бөлек есептеп келеді. Ауру белгілері барын “ауырғандар”, жоғын “тасымалдаушы” деп атады. Билік соңғысын вирус жұқтырғандардың негізгі статистикасына кіргізбей отыр. Ал коронавирустың таралуын бақылап отырған әлемдік денсаулық сақтау ұйымдары мен орталықтары биліктің ресми дерегіне сүйеніп, Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандардың санын көрсетерде ауру белгісі жоқ жағдайларды ескермей отыр.

Үш ай ішінде 10 139 адам емделіп, 105 адам қайтыс болған.

18 маусымда денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева коронавирустан қайтыс болғандар тізіміне кірмеген 54 өлім тіркелгенін айтты. Оның айтуынша, бұл науқастар коронавирус жұқтырғанмен "инфаркт, инсульт, онкологиялық аурулар секілді өзге негізгі дерттерден қайтыс болған".

Қазақстанда соңғы кезде науқастар күрт көбейіп, ауруханаларда орын тапшы бола бастаған. Аймақтарда карантин шаралары қайта күшейтілді. Алматы және Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық саласының өкілдері қаладағы инфекциялық стационарлардың 90-95 пайызы бос емес деп мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: Бекшин: Алматыдағы инфекциялық стационарлардың 95 пайызы бос емес​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG