Accessibility links

Тоқаев митинг заңына қарсы шыққандарды "шетелден грант алған" деп санайды


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында қазақ тілін дамытуда қызбалыққа салынбауға шақырып, Украинаның мысалын келтірді, шеруге шығатындарды сынап, Өзбекстанның мысалын айтты.

25 маусымда жарияланған сұхбатта Тоқаев сарапшылардың "Қазақстан коронавирус індетін бақылаудан шығарып алды" деген сынына уәж айтып, "індетпен күресте жеңіліп жатырмыз деуге болмайды. Биліктегілер де – өздеріңіз секілді ет пен сүйектен жаралған адамдар... Билікте жүргендердің арасынан 15 шақты адам осы дертке шалдықты. Ал қазіргі статистика бойынша, вирус жұқтырғандар саны 20 мыңға жуықтады" деді.

Қазақстанда вирус жұқтырғандар Тоқаев айтқаннан әлдеқайда көп. Қазір елде вирус анықталғандар 32 мыңнан асып кетті. Қазақстан билігі 3 маусымнан бастап коронавирус жұқтырғандарды ауру белгілерінің бар-жоғына байланысты "ауырғандар" және "тасымалдаушылар" деп бөліп, екі санақ жүргізіп отыр. Ал вирус жұқтырғандардың ресми санына соңғысын қоспай отыр.

Мемлекеттік тілді дамуы жөніндегі сұраққа Қасым-Жомарт Тоқаев Украинаға сілтей отырып жауап берді.

"Тіл мәселесіне бей-жай қарап, нем­құрайдылық танытатын бол­сақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіп­сіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін. Бұған Украинаны мысалға келтірсек те жеткілікті деп ойлаймын. Мемлекеттік тілді дамыту ісінде қызбалыққа салынып, оның қолдану аясын күшпен кеңейтуге ұмтылудың кері әсері болары анық. Өйткені оның соңы ұлтаралық араздыққа дейін жетуі мүмкін" деді Қазақстан президенті.

Тоқаевтың Украинаны "мысалға келтіріп" не айтқысы келгені белгісіз. Президент Қырым аннексиясын меңзесе керек. 2014 жылы Ресей “халықтың қалауы” деген желеумен Украинаның құрамындағы Қырым түбегін күшпен тартып алған болатын.

Былтыр жыл соңында Deutsche Welle басылымына берген сұхбатында Тоқаев "Қырымда болған жағдайды аннексия деп атамаймыз. Аннексия - тым ауыр сөз" деп жергілікті азаматтық қоғам өкілдерінің сынына ұшыраған. Еуразияны зерттеуші халықаралық мамандар Қырым аннекциясының негізі себебі ретінде Украинаның Еуропамен жақындасуын және Ресей президенті Владимир Путиннің “орыс халқының империялық көңіл күйімен ойнауын” атап өткен.

Қазақстан президенті бейбіт жиындар туралы жаңа заңды сынап жүрген құқық қорғаушыларды және белсенділерді "халықаралық құқық қорғау ұйымдарынан грант алатындар" деді.

"Халықаралық құқық қорғау ұйымдарынан грант алатын кейбір азаматтарымыз қабылданған заңды негізсіз сынайды. Олардың пікірінше, Қазақстанда “Митингіге қашан шығамын? Кіммен шығамын және қай жерде өткіземін? Яғни өзім білем" деген жүгенсіздік қағидаты болуы керек екен. Әсіресе солардың митингіге шетел азаматтары мен кәмелетке толмаған балалардың қатысуын талап етуін шектен шыққандық деп санаймын. Олардың ойы белгілі. Ондай адамдарға тыныштық пен тұрақтылық қажет емес" деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев 25 мамырда “Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы” заңға қол қойған болатын. Билік жаңа заңға сәйкес митинг өткізуге рұқсат сұрау керек емес деп айтып, құжаттың қабылдануын демократиялық реформаға балап отыр. Бірақ Халықаралық Human Rights Watch (HRW) заң қабылданғанмен, халықтың еркін жиналу құқығы шектеулі күйде қалды деді. Қазақстандағы адам құқығы бойынша халықаралық бюро директоры Евгений Жовтис заң нормалары халықаралық стандарттарға сай емес деп жұмыс тобынан шығып кетті. БҰҰ-ның бейбіт жиын өткізу және қауымдастыққа бірігу құқығы жөнінде арнаулы есеп дайындайтын өкілі Клемент Вуле билікті аяқ астынан өтетін демонстрацияларға рұқсат беруге шақырып, "Бейбіт жиын не демонстрациялардың кез келген түрін уақыт жағынан шектеу де азаматтың негізгі құқықтарына қайшы келеді” деген еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында “көшеде ұрандатып шеруге шықпайтын, қоғамды саясиландырмайтын еңбекке құмар өзбектерді" сөз етті.

“Өзбектер қоғамдық қатынастарды саясиландырмай, еңбек пен саудаға басымдық беріп, 20 ғасырдың бас кезіндегі аз ғана халықтан қазір Орталық Азиядағы ең үлкен ұлтқа айналды. Өзбектер саясатқа құмар емес, олар еңбек еткенді құптайды. Бұл ел көшеде ұрандатып шеруге шығып жүрген жоқ. Қайта жасампаздыққа жетелейтін еңбекпен айналысып жатыр” деді Қазақстан басшысы.

Мұнай бағасы шарықтап, табиғи ресурс есебінен мол ақшаға қарық болған Қазақстан үкіметі осы күнге дейін Орталық Азия елдерін өз басымдығын көрсету үшін ғана мысалға алатын. Тоқаев мысал ретінде алған Өзбекстанда марқұм Ислам Каримов басқарған 26 жылда тоталитарлық тәртіп орнады. 2005 жылы Әндіжан қаласында халық наразылық білдіріп алаңға жиналған билік бейбіт тұрғындарға оқ атып, 187 адам қаза тапты.

Халықаралық сарапшылар Өзбекстандағы адам құқығы мәселесіне де жиі назар аударады. Мектеп оқушылары мен мұғалімдер жыл сайын сабағын тастап, мәжбүрлі түрде мақта жинауға шығады. Үкімет мәселені мойындағанмен, толық шеше алған жоқ. Ресми дерек бойынша екі миллион, бейресми дерек бойынша одан көп өзбек азаматы шетелде жүріп жұмыс істеуге мәжбүр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG