Accessibility links

Сот Заречныйдағы түрменің талабымен құқық қорғаушы Елена Семенованы ірі көлемде ақша төлеуді міндеттеді


Құқық қорғаушы Елена Семенова.
Құқық қорғаушы Елена Семенова.

Павлодар соты тұтқын құқығын қорғаумен айналысатын Елена Семенованың үстінен азаматтық іс бойынша шағымданған Алматы облысы Заречный кентіндегі қоныстану колониясының (ЕС-164/4 мекемесі) талап-арызын қанағаттандырды. Бір айға жуық істі қараған сот Семенованың 2020 жылы 14 сәуірде Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған посты «шындыққа сай емес» және қамау мекемесінің «іскерлік беделіне нұқсан келтіреді» деген байлам жасады. Құқық қорғаушы әлгі постында тұтқын Михаил Санинді түрме қызметкерлері ұрып-соғып, денесіне зақым түсірген деп жазған.

Сот Семенованы Facebook әлеуметтік желісіндегі әлгі постын жойып, онда айтылғанды жоққа шығаратын жазба жариялауға міндеттеді. Бұған қоса Семеновадан лингвистикалық зерттеу жүргізуге байланысты жұмсалған сот шығынын – 95 мың теңгені (шамамен 240 доллар) өндіріп алуды бұйырды.

Тұтқын құқығын қорғап жүрген Елена Семенованы кейінгі бес жылда билік бірнеше рет сотқа тартуға тырысқан.

3 маусымда тағы бір сот Елена Семенованың үстінен УК-161/2 мекемесінің бастығы Әсет Шәріпов түсірген "іскерлік беделді қорғау" туралы талап арызды қанағаттандырған. Шәріпов те Семенованың тұтқындардың азаптау және медициналық көмек көрсетілмейтіні жайлы жазбасындағы ақпаратты жоққа шығаруды талап еткен.

Бұл екі азаматтық іс бойынша процестен бөлек Павлодар сотында Семеноваға қарсы тағы бес арыз қаралып жатыр. Бұған қоса құқық қорғаушы тағы екі жерден талап-хат алған, олар кейін Семенованың үстінен қылмыстық іс қозғауға себеп болуы да мүмкін.

Оқи отырыңыз: Құқық қорғаушы тұтқын құқығы бұзылғанын жазды. Түрме басшылығы оны сотқа берді

"Ар.Рух.Хақ" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина 20 маусым күні Facebook-тегі парақшасына "Тарт қолыңды Елена Семеновадан!" деген үндеу жариялаған. Қазақстан ішкі істер министрінен Елена Семеноваға қарсы сотқа берілген арыздарды қайтарып алуды, азаптау туралы әр хабарды тексеру үшін прокурорға жіберуді талап еткен үндеуге өзге азаматтар да қосылып, қол қойған.

Былтыр қаңтарда Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Елена Семеноваға шүйлігуін доғарып, оның тұтқындардың құқығын қорғау саласындағы жұмысына кедергі жасамауға үндеген.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG