Accessibility links

Құқық қорғаушы тұтқын құқығы бұзылғанын жазды. Түрме басшылығы оны сотқа берді


Қазақстандағы түрмелердің бірі.
Қазақстандағы түрмелердің бірі.

Қазақстанның бірнеше өңіріндегі түрме әкімшілігі тұтқын құқығын қорғаумен айналысатын Елена Семенованы сотқа берді. Әлеуметтік желіде Семенованың жақтастары құқық қорғаушыны қудалауды доғаруды, колониялардағы азаптау фактілері туралы хабарларды тексеруді талап етті.

Елена Семенованың Facebook-тегі парақшасы тұтқындар құқығын бұзу хроникасы іспетті. Құқық қорғаушы барлық постында дерлік тұтқындардың азаптау мен қорлық көргені туралы шағымдарын, туыс-жақындары қамауда отырған азаматтардың хаттары мен видеоүндеулерін жариялайды.

Қазақстандағы бірнеше колонияның әкімшілігі Семенованың жазбалары "мекеменің беделіне нұқсан келтіреді" деп тауып, көпшілікке танымал құқық қорғаушының үстінен сотқа талап-арыз берді. Қазір Павлодардың азаматтық істер жөніндегі соты талап-арыздарды онлайн режимде қарап жатыр. Бұған қоса Семеноваға түрме басшыларынан екі талап-хат келген. Олар құқық қорғаушы жазбаларын теріске шығарып, өшірмесе, қылмыстық істер жөніндегі сотқа жүгінетінін ескерткен.

Құқық қорғаушы Елена Семенова мен оның адвокаты Манарбек Мусинов УК-161/2 мекемесінің қызметкерінің талап-арызын қараған сот отырысынан кейін. Павлодар, 10 маусым 2020 жыл.
Құқық қорғаушы Елена Семенова мен оның адвокаты Манарбек Мусинов УК-161/2 мекемесінің қызметкерінің талап-арызын қараған сот отырысынан кейін. Павлодар, 10 маусым 2020 жыл.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫҒА ҚАРСЫ ІСТЕР МЕН СОТ

"Азаптауға қарсымыз" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, Павлодар облысындағы (тергеуге алынған және қылмыстық істер бойынша қамалған азаматтар отыратын) арнаулы мекемелерді қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Елена Семенованың үстінен бірнеше түрме қызметкері сотқа іскерлік беделін, ар-ожданы мен қадір-қасиетін қорғау туралы азаматтық талап-арыз берді. Шағым иелері соттан Семенованың жазбаларын жалған деп танып, құқық қорғаушыны оларды теріске шығаруға міндеттеуді талап етіп отыр.

  • Қостанайдағы УК-161/2 мекемесінің бастығы құқық қорғаушының 2019 жылдың соңында және биыл жыл басында жариялаған постарына байланысты сотқа жүгінген. Семенова 30 тұтқынның колония қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекетке барғанын әшкерелейтін ұжымдық шағым бергені, шағым мен видео қауіпсіздік қызметіне тапсырылғаннан кейін тұтқындардың жағдайы нашарлағаны туралы жазған еді. Бірінші инстанциядағы сот арызды қанағаттандырған.
  • Дәл сол мекеме бастығының емдеу-профилактикалық жұмыстар жөніндегі орынбасары Гүлмира Мырзалы 21 қаңтарда жарияланған "УК-161/2 мекемесінде тұтқындардың жаппай уланғаны" туралы жазба өзінің "ар-ожданы, қадір-қасиеті мен іскерлік беделіне нұқсан келтіреді" деп тапқан. Сот процесі әлі жалғасып жатыр.
  • Алматы облысы Заречный кентіндегі ЕС-164/4 колониясының бастығы құқық қорғаушы Семенованың 14 сәуірдегі "тұтқын Михаил Санинді түрме қызметкерлері ұрып-соққан" деген жазбасы "мекеменің іскерлік беделіне нұқсан келтіреді" деп, сотқа талап-арыз берген. 2016 жылы екі тұтқынның – дзюдодан Қазақстанның бұрынғы чемпионы Бақытжан Әбдікәрімов пен Сайын Мұратбековтың өліміне әкеп соққан Павлодар колониясындағы азаптау туралы іс бойынша 11 маусымда өткен резонансты сот отырысында жәбірленушілердің бірі Санин ұрып-соғу туралы ақпаратты растады. Куәгер ретінде жауап берген қоныс колониясының екі қызметкері тұтқынның сөзін жоққа шығарды. Сот әлі аяқталған жоқ.
  • Тараз қаласындағы ЖД-158/4 мекемесінің бастығы да іскерлік беделін қорғауды сұрап сотқа талап-арыз берген. Ол құқық қорғаушының 12 мамырда жариялаған посты шындыққа жанаспайды деп санайды. Жазбада бір тұтқынның өзіне қатыгездік танытқан түрме қызметкерлерінің қылығына наразылық білдіріп, өз табанын ағаш орындыққа шегелеп тастағаны, ал екінші тұтқынның электр сымы тартылған бағанға шығып алғаны айтылған. Әлеуметтік желідегі бұл постыда тұтқынның видеоүндеуі қоса жарияланған болатын. Сот процесі әлі біткен жоқ. Колония бастығы сотқа берген арызынан бөлек, құқық қорғаушыдан жазбаны теріске шығарып, өшіруді талап етіп хат та жолдаған. Ол талабы орындалмаса, "Жала жабу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін ескерткен. Семенова хатты алған, бірақ онда көрсетілген талаптарды орындамаған. Әзірге құқық қорғаушыға қарсы іс қозғалған жоқ.

Елена Семенова 3 мамырда әлеуметтік желідегі парақшасында тұтқын Баймахановтың өзін "тағы да ұрып-cоғып, изоляторға қамағаны" туралы шағымын жариялағаннан кейін Тараздағы ЖД-158/7 колониясының бастығы сотқа "мекеменің іскерлік беделін қорғау" туралы арыз берді. Семенова постында тұтқынның видеоүндеуін қоса жариялаған еді. Бұл сот та әлі жалғасып жатыр. Бұл колония бастығы да құқық қорғаушыға талап-хат жазып, егер әлгі ақпаратты теріске шығармаса, қылмыстық сотқа жүгінетінін айтқан.

ТҮРМЕ БАСШЫЛАРЫ ЖОҚҚА ШЫҒАРАДЫ

Түрме бастықтарының арызы бойынша сотқа тартылып, қудалауға түскеніне қарамастан Елена Семенова тұтқындарға жасалған құқықбұзушылықтар туралы пост жазып, жариялауын тоқтатпады. 20 маусым күні құқық қорғаушы Шымкент қаласындағы түрмелердің бірінде тұтқындардың құқығы бұзылған болуы мүмкін деп жазып, сөзіне дәлел ретінде түн мезгілінде әжетхана бөлмесін, нәжіске толы унитазды тазалап жатқан тұтқындар көрсетілген екі видео жариялады.

Шымкенттің қылмыстық-атқару жүйесі департаменті 21 маусым күні Елена Семенованың әлеуметтік желідегі постының астына "тұтқындар <...> кезекшілік атқаруға міндетті", ішкі тәртіп бойынша "отряд, әжетхана мен басқа бөлмелерді тазалау тұтқындарға жүктелген, олар бұл міндетті кезекшілік кестесіне сай атқарады. Бұл видеода тұтқындар сондай кезекшілік кезінде жұмыс істеп жатыр" деп жазған.

Осы комментарийден кейін түрме жүйесі басшылығы сынның астында қалды. Семенованың жақтастары кезекшілік атқару мен жуу, соның ішінде әжетхана бөлмесін де тазалау қажетін жоққа шығармайтынын айтып, бірақ колониядағы кәріз жүйесінің істен шыққанына, әжетхана қағазының жоғына назар аударды.

Түрменің айналасындағы қоршау. Көрнекі сурет.
Түрменің айналасындағы қоршау. Көрнекі сурет.

Ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитеті түрме жүйесі әлеуметтік желідегі тұтқындар құқығы бұзылған болуы мүмкін екені жайлы көтерілген мәселелерді талқылауға қатысып, ашықтық көрсетіп отыр деп мәлімдеді. Комитет өкілдері Семеноваға қарсы ұйымдасқан қудалау науқаны жүріп жатыр деген пікірді жоққа шығарады.

Азаттық Елена Семенованың үстінен сотқа арыз жазған азаматтарға хабарласып көрді.

Қостанай қаласындағы қатаң режимдегі колонияның (УК-161/2) бастығы Әсет Шәріпов сотта жеңіске жеткенін айтты. Мекеме басшысының орынбасары Гүлмира Мырзалы "Сотқа арыз бермес бұрын басшылықпен ақылдастыңыз ба?" деген сұраққа "ақылдастым" деп жауап берді.

Алматы облысы Заречный кентіндегі қоныс колониясының (ЕС-164/4) бастығы міндетін атқарушы Рысбек Тұрғымбаев түрме жүйесі тұтқын Санинге бұған дейін азаптау жайлы даулы іс жайлы берген куәлігі үшін кектеніп немесе Семеноваға қарсы талап-арыз бойынша сотқа қатысуына байланысты қысым көрсетіп жатқан болуы мүмкін деген пікірді жоққа шығарды.

- Одан [тұтқын Саниннен] ешкім кек қайтарып жатқан жоқ. Бұл екі істің арасында ешқандай байланыс жоқ – арызда бәрі дұрыс жазылған. Оған Семеноваға қарсы сотта берген түсініктемесіне байланысты да ешқандай қысым көрсетіліп жатқан жоқ, - деді Тұрғымбаев.

Тараздағы қатаң режимдегі колония (ЖД-158/4) бастығының міндетін атқарушы Бақытжан Байжігітов талап-хат пен талап-арызға осы мекемедегі жұмыстан кеткен қызметкерлер қол қойғанын айтты.

Тараздағы тағы бір колония – ЖД-158/7 мекемесінен түскен талап-хат пен талап-арызға түрме бастығы Алмасбек Әзизбековтың қолы қойылған. Азаттық онымен байланысуға талпынғанымен, өзімен сөйлесу мүмкін болмады. Сотқа осы мекеменің өкілі ретінде қатысқан заңгер Бибігүл Меңдіғұлова талапхат пен арыз мазмұнының арасында қайшылық жоғын айтты.

- Әзизбековтің жеке тұлға ретінде жала жабу туралы шағым беруге хақы бар, ал сотқа берілген талап-арызға ол заңды тұлға ретінде қол қойған, - дейді заңгер.

"ТАРТ ҚОЛЫҢДЫ ЕЛЕНА СЕМЕНОВАДАН!"

"Ар.Рух.Хақ" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина 20 маусым күні Facebook-тегі парақшасына "Тарт қолыңды Елена Семеновадан!" деген үндеу жариялады. Қазақстан ішкі істер министрінен Елена Семеноваға қарсы сотқа берілген арыздарды қайтарып алуды, азаптау туралы әр хабарды тексеру үшін прокурорға жіберуді талап еткен үндеуге өзге азаматтар да қосылып, қол жинау басталды.

Құқық қорғаушы Елена Семенова (оң жақта) Заречный кентіндегі түрменің (ЛА-155/12 мекемесі) алдында тұтқындардың туыстарымен бірге тұр. Алматы облысы, 23 сәуір 2018 жыл.
Құқық қорғаушы Елена Семенова (оң жақта) Заречный кентіндегі түрменің (ЛА-155/12 мекемесі) алдында тұтқындардың туыстарымен бірге тұр. Алматы облысы, 23 сәуір 2018 жыл.

Елена Семеноваға қолдау білдірген үндеуге 200-ге жуық адам қол қойған. Арасында "Қадiр-қасиет" бірлестігінің сарапшысы Анар Ибраева, "Либерти" қорының басшысы Ғалым Агелеуов, "Ару ана" ұйымының жеткшісі Әлима Әбдірова, адвокат Нұрлан Бейсекеев, Қазақстандағы азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдар коалициясының үйлестірушісі Роза Ақылбекова, Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі бюросының шолушы журналисі Андрей Свиридов, "Сандж" зерттеулер орталығының директоры Жанар Жандосова және басқалар бар.

Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры Евгений Жовтис қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Елена Семеноваға қарсы бастаған прецеденті өте қауіпті екенін айтады. Жовтистің сөзінше, жүйе тұтқынды сөзінен бас тартуға мәжбүрлеуде "шексіз мүмкіндікке" ие. Мұндай жағдайда тұтқындардың құқығы бұзылғаны туралы хабар беруге тырысқан құқық қорғаушы "кінәлі" болып шыға келеді.

- Семенова қамау орындарында, ең әуелі тұтқындардың, кейде олардың туған-туыстарының сеніміне ие болған, сондықтан құқық қорғаушы жабық мекемелерден ақпарат алып отырады. Келіп түскен ақпаратты тексеруге ерекше мүмкіндік берілмегендіктен, Семенованың қолынан бар келетіні – тиісті тергеу жүргізілуі үшін ол хабарды көпке жариялау ғана. Бірақ сондай тергеу жүргізу мүмкін болмады. Прокурорлардың жүргізетін тексеруі сенім ұялатпайды. Семенова тұтқындардың үндеуін жариялап, дұрыс істейді. Ол өз басын қатерге тігіп отырғанын да біледі. Бұл тұрғыдан алғанда, біреуді қорғау әлдеқайда маңызды. Әйтеуір бір реакция болады, - дейді Жовтис.

Евгений Жовтис жүйе колонияда құқық бұзылғаны туралы алған ақпаратты жариялаған адамды қудаламай, қайта бақылаушыларды қатыстыра отырып тексеру жүргізіп, егер мәлімет расталмаса, оны теріске шығаруы керек деп санайды.

Кейінгі бес жылда билік Елена Семенованы бірнеше рет сотқа тартуға тырысқан. Былтыр қаңтарда Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Елена Семеноваға шүйлігуін доғарып, оның тұтқындардың құқығын қорғау саласындағы жұмысына кедергі жасамауға үндеген.

P.S. Осы мақала сайтқа жарияланар тұста Елена Семенова өзінің үстінен сотқа "ар-намысты қорғау" туралы тағы бір талап-арыз берілгенін хабарлады. Бұл жолы шағым Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА-155/12 колониясынан түскен.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG