Accessibility links

Полиция белсенділердің вирус жұқтырған-жұқтырмағанын білгісі келеді. Белсенділер наразы


Белсенді Асқар Қаласовтың жақтастарымен бірге Сазды полиция бөлімінен шығып тұрған беті. 6 маусым 2020 жыл, Ақтөбе қаласы.
Белсенді Асқар Қаласовтың жақтастарымен бірге Сазды полиция бөлімінен шығып тұрған беті. 6 маусым 2020 жыл, Ақтөбе қаласы.

Ақтөбе полициясы облыстық денсаулық сақтау басқармасына хат жолдап, жергілікті белсенділердің денсаулығы жайлы мәлімет сұратқан. Полицияны белсенділердің COVID-19 инфекциясын жұқтырған-жұқтырмағаны қызықтырады. Хат көшірмесі белсенділер қолына кездейсоқ түсіп қалып, олардың наразылығын туғызды.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінен облыстық денсаулық сақтау басқармасына 8 шілде күні жолданған хатта 11 адамның аты-жөні мен туған жылы көрсетілген. Тізімге Ғалия Аминова, Роза Бекешова, Асқар Қаласов, Асылхан Жаубатыров сияқты жергілікті белсенділер енген. Тізімдегілер – Ақтөбеде өтетін билікке қарсы бейбіт митингілерге тұрақты қатысып жүрген азаматтар.

Kazakhstan - A letter addressed to healthcare department that show the police is requesting information civic activists
Kazakhstan - A letter addressed to healthcare department that show the police is requesting information civic activists

"Аталған азаматтардың COVID-19 диагнозымен дәрігерге қаралғаны немесе ауруханаға түскені туралы ақпарат беруіңізді өтінеміз" делінген полициядан жолданған хатта. Сондай-ақ, полиция бұл кісілердің денсаулығына қатысты жазбаша жауаппен бірге медициналық тексеру қорытындысын да жіберуді сұраған.

БЕЛСЕНДІЛЕР НЕ ДЕЙДІ?

Ақтөбелік белсенді Ғалия Әминова.
Ақтөбелік белсенді Ғалия Әминова.

Тізімге енген Ғалия Аминова Азаттыққа “15 шілдеде учаскелік дәрігер хабарласып, денсаулығымды сұрады. "COVID-19 жұқтырған жоқсыз ба, ауру симптомдары бар ма?" деді. Індет басталғалы өзім де, отбасым да оқшауланып отырғанымызды, денім сау екенін айттым. Сөйтсем, учаскелік емханадан тек мені емес, тағы бірнеше белсендіні іздеген екен. Кейін денсаулық сақтау басқармасына полиция жолдаған хаттың көшірмесі қолымызға түсті. "Қамқорлықтың" мәнісін сол кезде барып ұқтық” деді.

Қолдарына хат көшірмесі түскен белсенділер Қазақстан денсаулық сақтау министрлігіне видеоүндеу жолдап, жеке адамның денсаулығына қатысты мәліметтердің өзгеге берілмеуін талап етті.

“Полицияның мұндай мәліметтерді сұратуға құқығы жоқ. Дәрігерлік құпия

Ақтөбелік белсенді Асылхан Жаубатыров
Ақтөбелік белсенді Асылхан Жаубатыров

деген болады. Денсаулық сақтау министрлігінен бізге қатысты мәліметтердің жария болмауын талап етемін” дейді белсенді Асылхан Жаубатыров үндеуінде.

“Үйімнен ұзап шыққаным жоқ. Денім сау. Полиция сау адамды жарылқамай-ақ қойсын! Одан да ауруханаларды тексерсін. Дәрі жоқ, соны толтырсын. Коронавируспен күреске бөлінген ақша жоқ, соны іздесін” дейді белсенді Асқар Қаласов видеода.

ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ НЕ ДЕЙДІ?

Полиция бұл хатты да, денсаулық сақтау басқармасына белсенділердің денсаулығы жайлы сұрау салғанын да жоққа шығармайды. Бірақ полицейлер қызметтік құжаттың жеке адамдар қолына қалай түскеніне таң. Белсенділер хат көшірмесін қайдан алғанын Азаттыққа айтпады.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің Азаттыққа жолдаған жауабына қарағанда, бұл хаттың азаматтардың саяси көзқарасына еш қатысы жоқ. Департамент өз қызметкерлерінің денсаулығына алаңдайды.

“Бұл – тізімде көрсетілген азаматтардың медициналық көмекке жүгіну және COVID-19 диагнозымен түсу фактілерін анықтап, одан әрі бұл азаматтармен байланыста болған полиция қызметкерлерін тексеру мақсатында Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасына жіберілген хат” деді департаменттің баспасөз қызметі.

"Күмәнді тізімге" аты-жөні енген Айнагүл Төбетова – полиция учаскесіне жиі шақырылатын белсенділердің бірі. Соңғы рет ол учаскеде 15 шілде күні болған.

– Полиция өз қызметкерлерінің денсаулығына алаңдаса, пандемия кезінде бізді мүлдем шақырмасын. Телефонмен сөйлессін. Мысалы, мені сәрсенбі күні тағы да шақырып алып, ҚДТ мен "Көше партиясы" туралы (Қазақстан билігі ҚДТ қозғалысын экстремистік ұйым деп таныған және “Көше партиясы” ҚДТ-ны қолдайды деген. Еуропарламент ҚДТ-ны бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атаған - ред.) сұрады. Қашан шақырса да айналдырып әкеп сұрайтындары – осы. Денсаулығыма келер болсам, сап-саумын. Тіпті ауырған жағдайда да оны полицияның білуі шарт емес. Өйткені бұл полицияның шаруасы емес, – деді Айнагүл Төбетова Азаттыққа.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы полицияға белсенділердің денсаулығы туралы мәліметті берді ме, жоқ па ол жағы беймәлім. Басқарма Азаттықтың сауалдарына әзір жауап берген жоқ.

Қазақстандық белсенділер әдетте полиция билікті жиі сынап, талаптарын ашық айтып жүргендерді түрлі әдіспен өзін, желідегі парақшасын аңдып, бейбіт митинг алдында үйінің алдын торуылдайтынын айтады. Олар қандай да бір наразылық шарасы туралы хабарланса, өздерін түрлі іске куәгер ретінде полиция бөлімшесіне шақырып я үйіне келіп, сұрақтың астына алатынына да шағымданады. Елде коронавирус тарап, төтенше жағдай мен карантин жарияланғанда билікке сынын ашық айтып жүрген кейбір белсенді “төтенше жағдай не карантин ережесін бұзды” деп жауапқа тартылған. Кейбір белсенділер “төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты” деп істі болған.

Human Rights Watch халықаралық адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігі коронавирус пандемиясын пайдаланып, асыра сілтеп жатыр деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG