Accessibility links

Оралда кәсіпкерлер сауда нысандарын ашуды талап етті


Кәсіпкер Мағрипа Мұхамедқалиева (сол жақта). 22 шілде 2020 жыл.
Кәсіпкер Мағрипа Мұхамедқалиева (сол жақта). 22 шілде 2020 жыл.

22 шілдеде Оралда отыз шақты кәсіпкер қала әкімдігінің алдына жиналып, карантинге байланысты жұмысы тоқтатылған сауда үйлері мен ірі базарларды ашуды талап етті.

- Жұмыссыз отырғанымызға бірнеше ай болды, бәрімізде несие, ипотека, отбасы, бала-шаға бар. Қалай өмір сүретінімізді білмейміз. Билік несие төлемін кейінге қалдыруға уәде бергенмен банктер одан бас тартып жатыр. Сауда - біз үшін жалғыз табыс көзі, - деді базарда 20 жылдан бері сауда жасап жүрген Мағрипа Мұхамедқалиева.

Кәсіпкерлер шағымдарын айтып жатқан кезде әкімдік ғимаратының айналасында ондаған полицей оқиғаны бақылады. Жақын маңда және әкімдік ауласында автобустар мен полиция көліктері тұрды.

Саудагерлер билікке бағытталған хатқа қол жинап, қала ортасындағы алаңда бейбіт жиын өткізетінін айтты. Шенеуніктер жиналғандарды әкімдікке кіргізді.

Қала әкімі Абат Шыныбеков кәсіпкерлерді карантин біткенше күте тұруды сұрады. Ол шектеу шаралары бітпейінше сауда орындарын ашу мүмкін емес деді.

Билік өкілдеріне мәселелерін айтып келген кәсіпкерлер әкімдік залында отыр. 22 шілде 2020 жыл.
Билік өкілдеріне мәселелерін айтып келген кәсіпкерлер әкімдік залында отыр. 22 шілде 2020 жыл.

- Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, облыста карантин 2 тамызға дейін ұзартылған. Оған дейін ірі сауда нысандары жабық болуы тиіс. Карантин кезінде ірі дүкендер жұмыс істеп жатыр деген уәжге келсек, мониторинг тобы ондай жайттарды тіркеген жоқ. Демалыс күндері ол жақта болдық, сауда үйі жұмыс істемейді деп бізді кіргізген жоқ, - деді әкім.

Абат Шыныбеков банктермен несие мәселесін шешу үшін әкімдікке жеке шағымдануды ұсынды. Бірқатар белсенді кәсіпкерлерді қалада рейд жасап, карантин бұзғандарды анықтайтын мониторинг тобына қосу туралы шешім қабылданды.

Жиын аяқталған соң кәсіпкерлер тарады, әкімдік маңын торуылдаған полиция қызметкерлері де кетті.

Қазақстанда эпидемиологиялық ахуалға байланысты 5 шілдеде қайта карантин енгізген еді. Шектеу шаралары 2 тамызға дейін күшінде болады.

Ресми мәлімет бойынша, елде 75 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған, 610 адам қайтыс болған. Батыс Қазақстан облысында шамамен 5 мың адамнан вирус анықталған, 22 адам өлімі тіркелген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG