Accessibility links

Қырғызстан халқының 0,5 пайызына вирус жұққан, билік ДДСҰ-мен бірігіп, есепке енбегендерді анықтайды


Ауруханада кезек күтіп отырған тұрғындар. Бішкек, 6 шілде 2020 жыл.

Өткен тәулікте Қырғызстанда 921 адамнан СOVID-19 табылған, 42 адам қайтыс болған. Бұл туралы 24 шілдеде денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Елде вирус жұқтырғандар 31 247 адамға жеткен. 18 038 адам жазылған, 1 211 адам қайтыс болған. Қырғызстан коронавирус инфекциясы жұққандар мен белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандарды бірге есептеп келеді.

Жұма күні денсаулық сақтау министрлігінің коронавирус жұққан, бірақ ресми статистикаға енбей қалған адамдар санын анықтауға кіріскені белгілі болды. Бұл туралы министрлік мәліметіне сүйенген Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Министрліктің өкілі Айнур Акматованың айтуынша, қазір елде 31 мыңнан астам адамға вирус жұққан. Бұл мемлекет халқының 0,5 пайызын құрайды.

"Зертханалық және клиникалық-эпидемиологиялық жолменен коронавирус бары анықталған адамдар саны жалпы халықтың 0,5 пайызын құрайды. Симптомсыз ауырып жатқандар да бар екені белгілі. Олар өзін жақсы сезінгендіктен медицина қызметкерлеріне жүгінген жоқ. Халықтың қаншасы ауырып, антидене қалыптастырғанын білу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірге осындай зерттеулер жүргізіле бастады" делінген министрлік хабарламасында.

Зерттеу барысында жеке меншік зертханаларға жүгінгендердің иммуноферменттік анализінің жиынтығы жинақталып, аурудың қаншалықты тарағаны анықталады.

Бұған дейін Қырғызстанның бас пульмоногы денесі ысып, тұмаумен ауырып жатқандардың да COVID-ке шалдығуы мүмкін екенін айтқан еді. Алайда министрлік ресми статистикаға әдетте ауруханаға жатқызылғандар ғана енеді деген.

Бұған дейін науқастардың жақындары мен еріктілер ауруханаларда орын жоқ болғандықтан үйде өз бетінше емделіп жатқандар бар екені, олардың кейбірі ауруханаға жетпей қайтыс болып жатқанын Азаттыққа хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG