Accessibility links

Covid пен пневмонияны бірге санайтын Қырғызстанда індеттен бір күнде 42 адам көз жұмған


Қырғызстандағы күндізгі стационар. Бішкек, 16 шілде 2020 жыл.

23 шілде күні Қырғызстанда 921 адамның Covid-ке және клиникалық белгілері бойынша соған ұқсайтын пневмонияға шалдыққаны расталды. Аталмыш аурудан бір тәулікте 1247 адам жазылып шыққан, 42 адам қайтыс болған. Бұл туралы 24 шілде күнгі брифингте Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің басқарма жетекшісі Айнұр Акматова хабарлады.

Қырғызстанда эпидемия басталғалы 31 247 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Оның 18 038-і жазылып шыққан, 1211-і қайтыс болған.

Елде ПТР нәтижесі теріс шыққан пневмония жағдайлары күрт артқан соң, үкімет 16 шілде күні зертханалық талдау арқылы нақтыланған коронавирус жағдайлары (ДДСҰ жіктемесінде U.07.1 кодымен анықталған) мен клиникалық белгілері бойынша коронавируске ұқсайтын пневмония жағдайларын (ДДСҰ жіктемесінде U.07.2 кодымен анықталған) қосып санауға көшетінін жариялаған.

Бір күннен соң, 17 шілде күні дәл осындай жағдайға тап болған Қазақстан да ауру белгілері бойынша Covid-ке ұқсайтын пневмония жағдайларын коронавирус статистикасына қосатынын мәлімдеді. Бірақ Қырғызстанның айырмашылығы сол, Қазақстан билігі бұлай санауға бірден көшпей, араға екі апта салып, 1 тамыздан кейін бастамақ.

17 шілде күнгі Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елде жыл басынан 15 шілдеге дейін 234 мың адамның пневмонияға шалдыққанын, мұның былтырғы көрсеткіштен 3,3 есе жоғары екенін айтты. Министр пневмонияға шалдыққандар арасында "қоздырушысы белгісіз пневмония" жағдайларының барын мәлімдеді, бірақ санын нақтыламаған. Бес күннен кейін, 22 тамызда Цой 1 тамызға дейінгі пневмония жағдайларының бірде-бірі коронавирус статистикасына кірмейтінін мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: Цойдың сөзінен шыққан дерек. Елде шілдеде 135 мың пневмония тіркеліп, 1555 адам осы дерттен көз жұмды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG