Accessibility links

Петропавл түрмесіне жіберілген Тәуірбековтің денсаулығы нашарлағаны хабарланды


Жұлдызбек Тәуірбеков сотта. Алматы, 4 желтоқсан 2019 жыл.
Жұлдызбек Тәуірбеков сотта. Алматы, 4 желтоқсан 2019 жыл.

WhatsApp-тағы жазбалары үшін "Алауыздықты қоздыру" және "Терроризмді насихаттау" баптарымен сотталған, Петропавл түрмесінде отырған Жұлдызбек Тәуірбековтің денсаулығы нашарлады. Бұл туралы Азаттық тілшісіне тұтқынның анасы Әсемгүл Жауғашева хабарлады.

– Оған сәрсенбі күндері түрме таксофонынан маған хабарласуға рұқсат берген еді. Бұған дейін ұлым жағдайының қалыпты екенін айтып жүретін. Бірақ кеше хабарласқан кезде нашар сезініп тұрғанын, аяғы ісіп, ауыр тыныс алатынын айтты. Бірақ соған қарамастан медициналық көмек алмаған. Балам Алматыдағы тергеу изоляторында отырған кезде екінші топтағы мүгедек болды. Жүрек ауруы асқынып, бірнеше рет реанимацияға түсті. Ал енді ол жақта денсаулығына шағымданса да емдемей жатыр. Денсаулық кітапшасы жоғалып кеткендіктен оны неден емдейтінін білмейміз деген, – деді тұтқынның анасы.

Тәуірбеков отырған түрме - ЕС-164/3 мекемесінің бастығы, полковник Темірлан Уәлиев Азаттық тілшісіне тұтқынның денсаулығының нашарлағанын білмейтінін айтты.

– Оның мүгедектігі бар екенін білемін. Бірақ соңғы уақытта денсаулығының нашарлағанынан хабарсызбын. Бұл мүмкін де шығар, себебі Петропавлда қатты ыстық. Оның денсаулық кітапшасының жоғалып кеткенін де білмеймін. Мәселені қараймыз. Науқас тұтқын Тәуірбековке қажетті медициналық көмек беріледі, – деді мекеме басшысы.

Жұлдызбек Тәуірбековті Алматы қаласының Алмалы аудандық соты биыл, 2020 жылы 6 қаңтарда жеті жылға соттап, түрмеге қамаған. 9 сәуірде Алматының апелляциялық соты оны босату туралы өтінішті қанағаттандырмады. Сол күні ұлының қоғамдық қорғаушысы болған Әсемгүл Жауғашева қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне өтініш жазып, Тәуірбековті шұғыл түрде емдеу қажет болғандықтан оны Алматы немесе Алматы облысында қалдыруды сұраған. Анасының айтуынша, бұған қоса Алматыда оның отбасы тұрады. Алайда қылмыстық-атқару жүйесі комитеті өтінішін орындамаған.

Жұлдыз Тәуірбеков – "терроризмді насихаттады" және "әлеуметтік араздық қоздырды" деп айыпталған тоғыз айыпталушының бірі. Қалған сегіз айыпталушының ісі бойынша сот аяқталып, олар 5,5-8 жыл аралығында сотталған.

Тәуірбековтің ісі денсаулық жағдайына байланысты жеке қаралған. Сот процестері өтіп жатқан кезде оның жүрегі ауырып, бірнеше рет ауруханаға, реанимацияға түсті. Дәрігерлер оған жүрегін ауыстыру туралы кеңес берген.

Бұл қылмыстық іс АҚШ мемлекеттік департаментінің баяндамасында айтылған. Құжат авторлары Қазақстанда "терроризмге" қатысты істердің 90% күш қолданумен байланысты емес деп тұжырым жасаған.


  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG