Accessibility links

Талғар ауданының әкімі пневмониядан қайтыс болды


Жолан Омаров.
Жолан Омаров.

27 шілдеде таңертең Алматы облысы Талғар ауданының әкімі Жолан Омаров пневмониядан қайтыс болды. Бұл туралы аудан әкімдігі хабарлады. Оның артында әйелі мен төрт баласы қалған. Марқұм 41 жаста болған.

Жолан Омаров 2019 жылдың қыркүйек айында Талғар ауданының әкімі болып тағайындалған. Оған дейін шамамен екі жыл Алматы облысы Райымбек ауданын басқарған. Әр жылдары Алматы облыстық жер қатынасы, туризм басқармаларында қызмет істеген.

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін, қазақ ұлттық аграрлық университетін тәмамдаған.

Осы айдың басында Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров пневмониядан қайтыс болған.

Биліктің ақпараты бойынша, 1 қаңтар мен 15 шілде аралығында Қазақстанда 3 300 адам пневмониядан қайтыс болған. 1500-ден астамы шілденің алғашқы жартысында қайтыс болған.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы 27 шілдеде сайтында коронавирустан қайтыс болғандар санын жариялады. Оған сәйкес, елде COVID-тан 656 адам көз жұмған. Түс кезінде сайттағы мәлімет қайта түзетіліп, бұрынғы көрсеткіш - 585 қайта көрсетілді. Coronavirus2020.kz сайты статистиканы әзірге жаңартқан жоқ.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі індеттен кейін күрт өршіген пневмония статистикасын COVID есебіне қосатынын хабарлаған еді. Бірақ өткен аптада министр Алексей Цой коронавирус пен пневмония көрсеткіштері жеке көрсетіледі және оған бұған дейін тіркелген пневмония есебі (234 187) қосылмайды деп мәлімдеген.

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 83 122 адамнан коронавирус табылған. 610 адам қайтыс болған. Кейбір сарапшылар елде вирус жұқтырғандар мен індетпен байланысты адам өлімі бұдан да көп деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG