Accessibility links

"Қазақмыс" кеңсесіндегі жанжал бойынша іс сотқа жетті. "Өзіне қол жұмсаған" адамға айып тағылды


"Қазақмыстың" Жезқазғандағы кеңсесі.

Қарағанды облыстық соты "Қазақмыс" корпорациясының тау-кен байыту кешенінің бас директоры Амангелді Мініғұловты "өлтіруге оқталу оқиғасы" бойынша қозғалған қылмыстық істі қарай бастады. Бұл туралы 28 шілдеде Азаттық тілшісіне облыстық сот хабарлады.

Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Исламхан Есенбаев істі жүргізіп жатыр.

Бұл қылмыстық істе жанжал кезінде жұмбақ жағдайда көз жұмған "Кәсіпқорған" кәсіподағының төрағасы 58 жастағы Тоғызбай Тәжбенов айыпталып отыр. Тәжбеновтің туыстарының пікірінше, ол айыпталушы емес, оқиға құрбаны болып отыр.

Биыл 21 қаңтарда "Қазақмыс корпорациясының" Жезқазған қаласында орналасқан кеңсесінде жанжал болған. Полицияның хабарлауынша, жанжалдасқандардың бірі "өзіне қол салып", тағы екі адам пышақ жарақатымен ауруханаға жатқызылған.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жанжал кезінде кәсіподақ төрағасы комбинат директоры Мініғұловтың арқасына және жанжалды тоқтатуға тырысқан корпорация қызметкері Сабыржан Тембаевтың сол жақ кеудесіндегі жарақатқа пышақ салған. "Оқиға куәгерлерінің" сөзіне сүйенген полиция Тәжбеновтің өзінің сол жақ кеудесіне пышақ салып, оқиға орнында көз жұмғанын айтты. Мініғұлов пен Тембаев ауруханаға түскен. Кеңседе оқ атылғаны туралы хабар болған, бірақ полиция атыс туралы ештеңе айтпады.

Үш күннен кейін Қарағанды облыстық прокуратурасы кеңседе тегіс ұңғылы қарудан оқ атылғаны, ешкімнің зардап шекпегенін хабарлаған. Сол кезде прокуратура Тәжбеновтің өлімі бойынша тергеу органдары екі болжамды қарастырып жатыр деген: адам өлтіру немесе өзіне қол салу жағдайына жеткізу. Ал Мініғұлов пен Тембаев жарақаты бойынша "адам өлтіруге оқталу ісі" зерттеліп жатыр деп мәлімдеген.

Тәжбенов жерленгеннен кейін "Қазақмыс" корпорациясының ресми сайтында басқарма төрағасы Эдуард Огайдың мәлімдемесі пайда болды. Онда ол қайғылы оқиғаның себептерін анықтау үшін қолдан келгеннің бәрі жасалады деп мәлімдеген. Огай қайтыс болған Тәжбеновтің "адал, кәсіби біліктілігі мол адам" болғанын атап өткен.

"Қазақмыс корпорациясы" - Қазақстанда мыс өндіретін ең ірі кәсіпорын. Мыстан өзге алтын, күміс, қорғасын шығарады. "Қазақмыс корпорациясы" серіктестігі - 2014 жылы "Қазақмыс" компаниялар тобы екі компания ретінде қайта жасақталғанда құрылған. Оның бірі - акциясы Лондон биржасында саудаланатын KAZ Minerals PLC компаниясы.

"Қазақмыс корпорациясы" қауымдастығы құрамына "Жезказғанцветмет", "Балқашцветмет", "Қарағандыцветмет" және бірнеше байыту фабрикасы кіреді.

Қауымдастық мыс, алтын, күміс және қорғасын өндіреді. "Қазақмысқа" Forbes тізіміндегі қазақстандық Владимир Ким иелік етеді. Америкалық журнал оның байлығын 4,6 миллиард доллар деп есептеген.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG