Accessibility links

Прокуратура: Сәтбаевтағы толқудан кейін екі адамға іздеу салынды


Бес жасар қызды ұрлап, кейін зорлады деген күдіктінің үйінің алдына жиналған халық. Сәтбаев қаласы, Қарағанды облысы, 24 шілде 2020 жыл.
Бес жасар қызды ұрлап, кейін зорлады деген күдіктінің үйінің алдына жиналған халық. Сәтбаев қаласы, Қарағанды облысы, 24 шілде 2020 жыл.

Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында бес жасар қызды зорлады деген ақпар тараған соң болған толқудан кейін 16 адам қамауға алынып, екі адамға іздеу салынған. Бұл туралы 31 шілде күні қала прокуроры Төлеубек Рымбаев хабарлады. Мәлімдеме әлеуметтік желіде полиция 50-60 адамды қамап, оларды азаптап жатыр деген ақпарат тараған тұста жасалды.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, Сәтбаев қаласында 24 шілдеге қараған түні болған "тәртіпсіздікке 300-ге жуық адам қатысқан", ал қызды ұрлап, зорлады деген күдіктінің үйінің алдына мыңнан аса адам жиналды. Жиналғандар өз қолымен жазалау үшін күдіктіні қолына беруді талап етті. Әлеуметтік желіде тараған видеода бір ер кісінің полиция қызметкеріне арнайы жасақтың күдіктінің үйіне екі рет кіргенін, бірақ қызды таппай шыққанын, қызды диван астынан еріктілердің тапқанын айтқаны көрінеді. Ішкі істер министрлігі баланың пәтерге бірінші кіргенде табылғанын мәлімдеді.

"Ер кісі бізді пәтеріне кіргізбей, ұйықтауға кедергі келтірдіңдер деп наразылық танытты. Біз пәтерді тексереміз деп тұрып алдық. Бала бірінші тексеру кезінде табылды", делінген министрлік жариялаған видеороликте. Онда сондай-ақ күдіктіге полиция киімі кигізілгені, оны көршілердің пәтері арқылы жерге түсіріп, одан кейін қала сыртына шығарғаны туралы айтылады.

Видеороликте күдіктіні берудің талап еткен топ "басқаруға келмеген". Полицейлерге, полиция ғимаратына және қызметтік көліктеріне шабуыл жасалған. Видеода зақым келтірілген полиция көліктері, әкімшілік ғимарат терезелерінің сынғаны көрінеді. Министрлік оқ атылмады, тек жарық-шулы гранаталар қолданылды дейді.

Осыған дейін Азаттық тілшісі сөйлесе алған оқиға куәгерлері полицияның болып жатқан оқиғаны ұзақ уақыт бақылап тұрғанын, жағдай ушыққан кезде ғана барып жиналғандар тарата бастағанын айтқан.

24 шілде күні ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев арандатушылар Сәтбаевтағы қыздың ұрлануын "тұрақтылықты шайқалту" үшін пайдаланғысы келді деп мәлімдеген. Министр арандатушылардың кім екенін, олардың мотиві қандай екенін айтпады.

31 шілде күні Сәтбаев прокуратурасы полицияның "Телекоммуникациялар желілерін пайдалану арқылы көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады.

Зардап шеккен қыз ата-анасына тапсырылды. Олар қызының суретін жарияламауды, жағдайды әлеуметтік желіде талқыламауды және "расталмаған ақпаратты таратпауды сұрады.

62 жастағы күдікті қамауға алынды. Тергеу "Кісі ұрлау" және "Баланы зорлау" баптары бойынша жүргізіліп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG