Accessibility links

"Бұрынғы әйелін сабап, бетін тілген" ақтөбелік тұрғынның соты басталды


Айнагүл Бекенова Азаттық тілшісіне сұхбат беріп отыр. Ақтөбе, 4 сәуір 2020 жыл.
Айнагүл Бекенова Азаттық тілшісіне сұхбат беріп отыр. Ақтөбе, 4 сәуір 2020 жыл.

4 тамыз күні Ақтөбе қалалық соты бұрынғы әйелі Айнагүл Бекенованы "өлімші етіп сабап, бетін тіліп тастаған" Сәкен Бекеновтің ісін қарай бастады. Жәбірленуші Айнагүл Бекенованың Азаттыққа айтуынша, алғашқы отырыста ол судья Жанас Қуанышев пен адвокаттардың сауалдарына жауап берген.

- Сот залынан жаным ауырып шықты. Сол күнгі оқиғаны қайтадан басымнан өткергендей болдым. Бұрынғы күйеуіммен бұған дейін бір рет тергеу кезінде кездескенмін. Оны екінші рет сот залында көргенімде қол-аяғым дірілдеп қоя берді, - дейді Айнагүл Бекенова.

Айыптау актісіне сай, 38 жастағы Сәкен Бекенов масаң күйінде бұрынғы әйелінің жұмыс орнына барып, қол көтерген, пышақ жұмсаған.

Ақтөбе облыстық сотының хабарлауынша, сотталушы Бекенов Қылмыстық Кодекстің 106-бабының 1-бөлігімен (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) айыпталып отыр.

Сәкен Бекеновтің адвокаты Күләш Манько бұл іске қатысты әзір ешқандай комментарий бермейтінін айтты.

Ақтөбе қаласының 28 жастағы тұрғыны Айнагүл Бекенова күйеуінен 2018 жылы ажырасқан. Он жастағы қызы бар.

Бекенованың сөзінше, биыл 13 наурыз күні оның жұмыс орнына келген бұрынғы күйеуі өзін өлімші етіп сабап, бетін пышақпен тіліп тастаған. Күдіктінің үстінен бастапқыда "денсаулыққа орташа зиян келтірді" деген айыппен іс қозғалып, қолхатпен босатылған.

Бұл оқиға жайлы әйелдер құқығын қорғаумен айналысатын "НеМолчиКZ" қоры жариялаған соң қоғам назары ауған. Осыдан кейін ер адам тергеу изоляторына қамалып, қылмыстық іс "Денсаулыққа орташа зиян келтіру" бабынан "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабына ауыстырылған.

БҰҰ-ның есебінше, Қазақстанда жыл сайын отбасындағы зорлық-зомбылықтан шамамен 400 әйел көз жұмады. Ал Қазақстан билігінің дерегінше, 2018 жылы отбасындағы әлімжеттік туралы арыз-шағымдар 2015 жылмен салыстырғанда 104 пайызға көбейген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG