Accessibility links

Латын Америкасы вакцина алуға асығып жатыр, Армения ТЖ режимін ұзартты


Төтенше жағдай жарияланған Ереван қаласы наурыз айында. 17 наурыз 2020 жыл.
Төтенше жағдай жарияланған Ереван қаласы наурыз айында. 17 наурыз 2020 жыл.

Коронавирус індетінен көбірек зардап шеккен Бразилия, Аргентина және Мексика коронавирусқа қарсы вакцинаға қол жеткізу үшін бірқатар келісім жасасқанын хабарлады.

12 тамызда Бразилияның Парана штаты жаңа ресейлік вакцинаны сынақтан өткізіп, өндіру жайлы келісімге қол қойды. Дегенмен ресми тұлғалар әуелі дәрі-дәрмектің қауіпсіздігі мен тиімділігіне көз жеткізу қажеттігін айтты.

Ресей коронавирустан қорғайтын вакцинаны алғаш тіркеген мемлекет ретінде "Спутник V" жарнамалап жатыр. Алайда денсаулық сақтау саласының сарапшылары сынақтың үшінші кезеңі бітпей жатып, оны тіркеу туралы шешімге күмән келтірген. Паранадағы технология институты өкілдерінің айтуынша, билік вакцинаны мақұлдаса, 2021 жылдың екінші жартысынан бастап вакцина шығарыла бастайды.

Бразилия коронавирусқа қарсы бірнеше вакцинаны сынақтан өткізіп жатыр, екеуі – соңғы үшінші кезеңде. Біреуін Оксфорд университеті AstraZeneca дәрі-дәрмек шығаратын компаниясымен бірігіп жүргізсе, екіншісін қытайлық Sinovac Biotech зертханасы жүргізіп жатыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде Covid-ке қарсы 150-ден астам вакцина сынақтан өтіп жатыр. 25-і адамдардың қатысуымен жүріп жатыр. Аргентина мен Мексика AstraZeneca компаниясының вакцинасын тәжірибеден өткізетінін хабарлады.

Армения парламенті үкіметтің коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай режимін 11 қыркүйекке дейін ұзарту туралы ұсынысын мақұлдады. Үкімет мүшелері індеттің беті қайтса да осы тенденцияны қалыптастыру қажеттігін алға тартқан. 12 тамыз күнгі кезектен тыс үкімет отырысында Армения премьер-министрі Никол Пашинян осымен бесінші рет ұзартылған төтенше жағдай режимін 11 қыркүйектен соң ұзартудың қажеті бола қоймас деп топшылайды.

Армения дегенмен наурыз айында енгізілген кейбір шектеу шараларын мысалы, митинг мен ереуіл жасауға тыйым салуды алып тастады. Соңғы бірнеше аптада оппозиция топтары ТЖ режимінің ұзартылуын сынаған.

Шамамен үш миллион халқы бар Арменияда эпидемия басталғалы бері 40 мыңнан астам адамнан коронаавирус табылған. 33 мыңнан астамы жазылған. 800-ден астам адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG