Accessibility links

Қазақстанда өткен тәулікте 476 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды


Қорғаныш киім киген медицина қызметкерлері.
Қорғаныш киім киген медицина қызметкерлері.

Қазақстанда өткен тәулікте 476 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Елде вирус жұқтырғандар 101 848 адамға жетті. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Ведомство таратқан мәліметке қарағанда, Алматы мен Нұр-Сұлтанда вирус жұқтырғандар азайғанмен Шығыс Қазақстан облысында жағдай өзгермей отыр. 13 тамызда Алматыда – 40, Нұр-Сұлтанда – 66, ШҚО-да 97 адамға коронавирус инфекциясы жұққаны анықталған. Бейсенбі күні ең төменгі көрсеткіш Шымкентте (3) тіркелген.

Эпидемия басталғалы бері елде коронавирустан 1335 адам қайтыс болған деп айтылады. Бұған коронавирус жұққан, бірақ арнайы комиссия "Covid-тен емес, өзге ілеспе аурудан қайтыс болды" деп шешім шығарған жүздеген адамның өлімі енбеген. Кейбір мамандар Қазақстанның ресми орындары таратқан коронавирус статистикасына күмән келтіреді.

13 тамызда мемлекеттікк комиссия өкілдері елде эпидемиологиялық ахуал "тұрақталғанын" мәлімдеп, шілденің басында жарияланған карантин шараларын 17 тамыздан бастап жеңілдете бастайтынын хабарлады.

Оқи отырыңыз: Қазақстан карантинді қалай жеңілдетпек? 400 сөзбен түсіндіреміз

Қазақстан билігі вирус жұқтырғандардың жалпы саны 101 мыңнан асты дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, елде вирус жұқтырғандар саны 117 мыңнан асқан. Халықаралық ұйым белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандарды да елдің Covid статистикасына қосып есептеп отыр.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі басында "пневмонияны" Covid статистикасына қосатынын айтқанмен 10 тамызда бұл ниетінен айнығанын білдірді.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 1-12 тамыз аралығында 15 732 адамның коронавирустық пневмонияға шалдыққаны расталған, 188 адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG